Павлодарда наркологиялық есептегі тұрғын көлік басқару құқығынан айырылды
Ер адамның диагнозы көлік жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімдер қатарына жатады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, полиция департаменті тұрғынның көлік құралдарын басқару құқығын тоқтату туралы талаппен сотқа жүгінген.
Ер адамға 2019 жылы «В, В1» санаттарындағы жүргізуші куәлігі берілген. Алайда 2025 жылғы сәуірден бастап ол алкоголь тұтынудан туындаған психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, тәуелділік синдромы диагнозымен наркологиялық диспансерлік есепте тұрған.
– Аталған ауру көлік құралдарын басқаруға тыйым салынатын медициналық қарсы көрсетілімдерге жатады. Мұндай денсаулық жағдайы көлік құралдарын қауіпсіз басқаруға кедергі келтіріп, жүргізушінің және жол қозғалысына басқа да қатысушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін, – деп хабарлады сотта.
Сот отырысында жауапкер талаппен келіспеген. Ол наркологиялық есепке қойылғанын білмегенін және денсаулық жағдайына байланысты алкоголь ішпейтінін айтқан. Оның өкілі аурудың созылмалы сипатын растайтын дәлелдер жоқ екенін алға тартты.
Алайда сот бұл уәждерді негізсіз деп таныды. Іс материалдары бойынша ер адам дәрігерлік-консультациялық комиссия отырысына қатысып, медициналық тексеруден өткен және бақылауға жазбаша келісім берген. Сондай-ақ наркологиялық есепке қою туралы шешімге шағымданбаған әрі ай сайын дәрігерге барып тұратынын растаған.
– «Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, медициналық қорытындымен расталған және көлік құралдарын қауіпсіз басқаруға кедергі келтіретін денсаулық жағдайының нашарлауы оларды басқару құқығын тоқтатуға негіз болып табылады, – делінген сот хабарламасында.
Сот анықталған мән-жайларды ескеріп, полиция департаментінің талабын қанағаттандырды. Нәтижесінде ер адамның көлік құралдарын басқару құқығы тоқтатылды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.