Павлодарда Наурыз мерекесіне орай қай жерлерде киіз үй тігіледі?

Павлодарда Наурыз мерекесіне орай қай жерлерде киіз үй тігіледі?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Негізгі мерекелік іс-шаралар 21-22 наурыз күндері ұйымдастырылып, қала тұрғындарын жаппай қамту жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышеваның айтуынша, 21 наурыз күні сағат 11:00-ден 14:00-ге дейін қаланың шағынаудандары мен ауылдық аймақтарда арнайы көрме киіз үйлері орнатылып, мәдени бағдарламалар мен ұлттық спорт ойындары өтеді. Қазіргі таңда мерекелік іс-шаралар өтетін барлық орындар анықталған және павлодарлықтарға жақсы таныс алаңдар болып табылады.

Мерекелік локациялар қатарында Усолка шағын ауданындағы №25 мектеп маңы, Литвинов көшесіндегі сквер, орталық мәдениет және демалыс саябағы (Горсад), Гагарин сквері, Сұрағанов көшесі, 3 мекенжайындағы Қазақстан темір жолы ғимараты маңындағы алаң, Қамзин көшесі 67/1 мекенжайындағы «Гринвич» сауда үйінің алаңы бар.

–  Сонымен қатар қаладағы бірқатар шағын аудандарда арнайы этноауылдар ұйымдастырылады. Мәселен, Теміржолшылар шағын ауданындағы клуб маңында «Ауыл Бақыт» этноауылы, ал Достық шағын ауданында №48 жаңа мектептің жанында «Ауыл татулық» этноауылы бой көтереді, – деді Светлана Гладышева. 

Мерекелік шаралар Қамзин көшесі, 33 мекенжайындағы «Детвора» балабақшасы маңында, Зеленстрой шағын ауданында №37 мектеп маңында, «Артур» сауда үйі жанында, Химқалашық ауданында, №16 мектеп-лицей жанында, Шөкин атындағы мектеп маңында, Сәтбаев көшесі, 36 мекенжайындағы «Премьер» стоматологиясы жанында да өтеді. Сонымен қатар Кенжекөл, Атамекен және Павлодар ауылында да 21 наурыз күні мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылады. Ал Мойылды және Жетекші ауылдарында мерекелік шаралар 22 наурыз күні өтеді.

– Негізгі мерекелік бағдарлама 22 наурыз күні Сәтбаев көшесінің бойындағы орталық алаңда өтеді. Сағат 11:00-ден 14:00-ге дейін бірыңғай тақырыптық безендірумен үлкен мерекелік концерт ұйымдастырылады. Биыл орталық алаңда барлығы 35 киіз үй орнатылып, олар жеті этноауылға біріктіріледі. Әр этноауылда өз шығармашылық бағдарламасы ұсынылады. Қонақтар әрбір киіз үйге кіріп, ұлттық дәстүрлермен танысып, фотосуретке түсе алады, – деді қала әкімінің орынбасары. 

Мерекелік бағдарлама сағат 10:00-де павлодарлықтарға арналған музыкалық қарсы алудан басталады. Концерт барысында ұлттық киім киген әжелер шеруі ұйымдастырылып, «Қадыр ата – Жер ана» композициялық көрінісі көрсетіледі. 

Сахнада белгілі өнер ұжымдары мен эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Олардың қатарында Turan тобы, қазақстандық эстрада жұлдыздары Еңлік және Қайрат Нұртас бар. Мерекелік концерттік бағдарлама сағат 14:00-ге дейін жалғасады.

– Мерекеге дайындық аясында 20 наурыздан бастап орталық алаңда киіз үйлер орнатыла бастайды. Осыған байланысты Сәтбаев және Астана көшелерінің бір бөлігі 20-23 наурыз аралығында уақытша жабылады. Киіз үйлер қалашығын жинау жұмыстары 22 наурыз күні сағат 15:00-ден кейін басталады, – деді Светлана Гладышева.

Мерекелік алаңда тұрғындар үшін арнайы ойын-сауық аймақтары да ұйымдастырылады. Атап айтқанда, сегіз алтыбақан орнатылады, балаларға арналған үлкен ойын аймағы мен жеке сахна қарастырылады. Сонымен қатар павлодарлықтарға бұрыннан таныс шөптен жасалған лабиринттер мен түрлі композициялар қойылады. Бұдан бөлек қолөнер шеберлерінің көрмесі және кең көлемді мерекелік сауда ұйымдастырылады.

Айта кету керек, мерекелік киіз үйлердің басым бөлігі демеушілердің қолдауымен орнатылады. Қала кәсіпорындары, ірі өндіріс орындары, шағын және орта бизнес өкілдері, сондай-ақ түрлі мекемелер бұл іске белсенді қатысып отыр. Ал киіз үйлердің ішкі безендірілуі, сахна мен LED-экрандарды орнату мемлекеттік қаражат есебінен жүзеге асырылады.