Павлодарда екі ғасырдың куәсі болған ақсақалдың кітабы жарыққа шықты
Кітаптың авторы Махмет Демесінов 91 жаста, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Павлодар облысының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Махмет Демесіновтың «Өмір жолы - өнеге» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараға зиялы қауым, жергілікті қоғам қайраткерлері, журналистер мен оқырмандар қатысты.
– Махмет аға екеуміз замандас, құрдас, доспыз. Бірге жүріп, араласып талай жұмысты атқардық. Жасы тоқсанның екісіне келсе де тың, өзінің басынан өткен өмірін есіне сақтап айтып отыратын, енді сол сақтағанын кітап етіп жазып отыр, – деді Ғабидолла Әлібаев.
Тұсаукесерді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан құттықтау сөзімен ашты. Одан әрі Аққулы ауданының Құрметті азаматы Ғабидолла Әлібаев және «Ақсақалдар тағылымы»қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ермек Жұматов, Ақсу қаласының Құрметті азаматы Ізбасар Үсенов кітаптың тұсауын кесу рәсімін өткізді.
– Еңбегімді бағалап, бүгінгідей іс-шара ұйымдастырып отырған облыстың азаматтарына ризашылығымды білдіремін. Ойыма түйгенімді, көргенімді, білгенімді қағаз бетіне түсіріп, кітап жаздым. Артымнан ерген ұрпаққа аз да болса пайдасы тиетін болса, мен үшін үлкен қуаныш, – деп ақпарат саласының қызметкерлеріне алғысын білдірді кітаптың авторы.
Кітапта автордың өмірден түйген ойлары, өмір жолындағы қиындықтар мен жетістіктер туралы естеліктері, ел мен жерге деген сүйіспеншілігін білдіретін мақалалары, тіл мен мәдениет туралы жазбалары жазылған.