Павлодарда оқу орындарының көрмесі өтеді

Мектеп және колледж түлектеріне болашақ мамандықты таңдауға көмектеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығы 26 қыркүйек күні сағат 9:00-ден 17:00-ге дейін Ломов көшесі, 38 мекенжайында «Adviser» оқу орындарының көрмесін ұйымдастырады.
Көрмеге 25-тен астам колледж және 3 жетекші жоғары оқу орны қатысады деп жоспарланған. Іс-шараға келуші 1000-нан астам оқушы мен студент өздері қызықтыратын білім беру бағдарламалары және оқуға түсу шарттары туралы ақпарат ала алады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме қыркүйек айында өтуінің ерекше маңызы бар. Бұл – түлектердің мамандық таңдауға ертерек кірісіп, мүмкіндіктерін кеңейтуіне үлкен септігін тигізеді. Себебі, мамандық таңдауды кейінге қалдырған жағдайда, оқуға түсу мүмкіндіктері шектелуі мүмкін.
Айта кетейік, «Adviser» көрмесі – білім беру мекемелерінің өкілдерінен тікелей кеңес алуға, стипендиялар туралы білуге және табысты мансапқа бастайтын дұрыс бағытты табуға мүмкіндік беретін тиімді алаң. Көрме қатысушыларға өз болашағына саналы түрде қарауға көмектеседі.