Павлодарда оқушы партасы цифрлық сыныпқа айналмақ
Өңір мектептерінде елімізде алғаш рет оқушы партасына цифрлық технологиялар біріктірілмек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Білім беру үдерісін цифрландыруға және мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған жаңа шешімдер «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбындағы жиын аясында өткен көрмеде таныстырылды.
Павлодардағы кәсіпорын 15 жылдан бері білім беру ұйымдарына арналған жиһаз шығарып келеді. Бірнеше жыл бұрын өндіріс орны өнім түрлерін кеңейтіп, цифрлық мүмкіндіктері бар оқушы парталарын шығаруды қолға алған.
Жаңа жиһаз отандық білім беру жүйесіндегі бағдарламалар мен цифрлық педагогикалық құралдарға бейімделген. Оның көмегімен оқушы үшін қажетті электронды ресурстарды бір жерден пайдалануға болады.
Кәсіпорынның жобалық менеджері Злиха Илюбаеваның айтуынша, компания білім беру ұйымдарын тек жиһазбен емес, кешенді шешімдермен жабдықтауға көшіп жатыр.
– Көрмеде смарт-парта технологиялық шешімін таныстырдық. Сыртқы көрінісі кәдімгі партаға ұқсайды, алайда оқушы үшін толыққанды цифрлық сыныптың қызметін атқара алады. Мұнда электронды кітаптар, күнделік, «Білім класс», «Білім ал» платформалары біріктірілген. Оқушы мен педагогтың жұмысы қатар жүреді. Ал мұғалімнің жұмыс орны сервер ретінде қызмет атқарады, – дейді Злиха Илюбаева.
Смарт-парта жасанды интеллект құралдарымен де жабдықталған. Оның бағдарламалық жасақтамасын алматылық мамандар әзірлеген, ал құрылғыны құрастырып, өндірумен павлодарлық кәсіпорын айналысады.
– Қазіргі уақытта басқа білім беру ұйымдарындағы жасанды интеллект кабинеттеріне смарт-парталарды орнату мәселесін салалық министрлік өкілдері қарастырып жатыр. Жаңа өнім әзірге мамандардың талқылауында, – дейді жобалық менеджер.
Алдағы уақытта заманауи құрылғы Павлодардағы Усолка шағын ауданында салынып жатқан жаңа мектепте іске қосылмақ. Осылайша, жергілікті оқушылар цифрлық білім беру мүмкіндіктерін тікелей оқу процесінде пайдалана алады.