Павлодарда оқушыны ұрып-соққан жасөспірімдер басқа мектепке ауыстырылуы мүмкін бе?
Бүгінде зардап шеккен баланың жағдайы жақсарып қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.тілшісі
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралин айтты.
– Іс полиция органдарының тексеруінде. Тексеріс аяқталғаннан кейін толық ақпарат бере аламыз. Тіркелген жағдайды әрі қарай қала әкімінің орынбасары, депутаттар, қоғамдық бірлестіктер қатысатын өкілдер бар қалалық жасөспірімдердің құқықтарын қорғау комиссиясымен бірлесіп қарастырамыз. Бүгінде оның жағдайы оңалып қалды. Оған депутат, қоғам өкілдері, мектеп тарапынан әртүрлі көмек көрсетілуде. Бала ыстық тамақпен былтырдан бері қамтылған, – деді бөлім басшысы.
Спикердің айтуынша, мектеп тарапынан психологтар да жұмыс істеуде. Балаларды оқуға биімдеу бойынша жоспарлар құрылған. Сонымен қатар оларды мектептен шығару бойынша сұрақтар туындауда.
– Комиссияда қарастырамыз. Жалпы бұған дейін қала, облыс деңгейінде балаларды оқудан шығару фактісі тіркелмеген. Десе де заңнама жүзінде 16 жасқа толмаған балалар тәртіп бұзса, онда оны мектептен құзыретті органдармен, яғни білім беру бөлімімен және білім беру сапасымен қамтамасыз ету департаментімен бірлесіп оқудан шығару туралы тармақ бар. Бірақ балаларды оқудан шығарған күннің өзінде оны қалай оқумен қамтамасыз етеміз деген сұрақ туындайды. Әрі қарай қайда жібереміз? Болмаса басқа мектепке барып оқиды. Сондықтан да ол енді екі жақты сұрақ. Оны толыққанды комиссиямен бірлесіп шешеміз, – дейді Қуаныш Қыдыралин.
Еске сала кетейік, бұған дейін біп топ адам оқушыны ұрып-соққан. Бұл төбелесте 14 жастағы бала зардап шеккен, екі қабырғасы сынып, түрлі дене жарақаттарын алған. Балалардың құқықтарын қорғау департаменті осы жағдайдың зерттелуін қолға алды.
Фото:Константин Шелков