Павлодарда облыстық онлайн ән байқауы жарияланды
Қатысушылардың өтінімдері 23 сәуірге дейін қабылданады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі әнші, кино актрисасы Хафиза Әбуғалиеваның туғанына 100 жыл толуына орай «Шырқа, дауысым, әндете» атты облыстық ән байқауын ұйымдастыруда.
Байқаудың мақсаты – өңірлік әнші-композиторлардың төл туындыларын насихаттау, өнерлі әрі қабілетті орындаушыларды анықтап, қолдау көрсету.
Дода шарттарына сәйкес қатысушылар қазақтың халық әндерін немесе қазақ композиторларының әндерін өз қалауы бойынша таңдап, бір ән орындап, оны онлайн форматта бейнежазба түрінде ұсынуы тиіс. Байқауға 18 жастан асқан үміткерлер қатыса алады. Сондай-ақ жеке орындаушыларға әнді өзі қалаған аспаптардың сүйемелдеуімен орындауына мүмкіндік беріледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бейнежазба тек горизонтальді форматта түсіріліп, сапасы жоғары болуы қажет. Қатысушылар видеоны өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасына жариялап, музейдің @bukharmuseum парақшасын белгілеп, #Хафиза100 хэштегімен бөлісуі тиіс.
Айта кету керек, халықаралық, республикалық және облыстық байқаулардың жүлдегерлері бұл байқауға қатыса алмайды.
Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған жұмыстардың авторлары бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталады.
Қосымша ақпарат алу үшін: 8 705 162 00 23 телефонына хабарласуға болады.