«Кітапханаға кітап сыйла!»: Павлодар кітапханасы 200-ден астам кітаппен толықты
Кітаптар түрлі жанрды қамтиды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С.Торайғыров атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, дәстүрлі акция 14 ақпанда басталған. Ауқымды шараға павлодарлықтар белсенді қатысты. Акцияның мақсаты − кітапхана қорын жаңа әрі қызықты басылымдармен толықтыру және оқырмандарға оқу, жаңа жаңалықтар ашу мен шабыт алу үшін көбірек мүмкіндік ұсыну.
— Жанашыр оқырмандар мен кітапхана достарының арқасында қорымыз 200-ден астам кітаппен толықты. Олардың қатарында көркем әдебиет, танымдық басылымдар, балалар мен жасөспірімдерге арналған кітаптар, заманауи бестселлерлер мен классикалық шығармалар бар, - деді кітап қорын қалыптастыру бөлімінің басшысы Марина Гончарова.
Алғашқылардың бірі болып Жанат Даниярова, Александр мен Зинаида Снегирёвтер отбасы акцияға үн қосып, математика мен шахматқа арналған кітаптарды, сондай-ақ заманауи авторлардың детективтері мен романдарын сыйға тартты.

- Жыл сайын біздің кітапхананы «ҚР АСПР Ұлттық статистика бюросы департаменті» РММ-нің Павлодар облысы бойынша өкілдері қолдап келеді. Биыл да олар балалар кітаптары мен көркем әдебиеттерді кітапхана қорына тарту етті, - деді ол.
Жұмагелді Қожанов кітапханаға қазақстандық авторлардың кітаптарын, қазақ тіліне арналған сөздіктерді және танымал басылымдарды − Б.Грасианның «Ақыл қалта», Д. Кехоның «Түйсігіңмен ойла» және басқа да кітаптарды сыйға берді.
С.Баязитов атындағы балалар оқу орталығының тұрақты оқырмандары Фарида Есжанова мен Ирина Самойленко өз кітаптарын жомарттықпен бөлісіп, кітапхана қорын қызықты әрі құнды басылымдармен толықтырды.

Кітапхана қызметкерлері де бұл игі іске атсалысты. Кітапхана басшысы Шолпан Шахметова Д.Питерсонның «12 правил жизни» және К.Никсонның «Долговая палочка» кітаптарын сыйға тартса, Сәуле Жанкаринова қорды заманауи авторлардың кітаптарымен сыйлады.
- Әрбір сыйға тартылған кітап − оқуды дамытуға қосылған үлес, әрі оқырмандарымыз үшін нағыз сыйлық. Бұл басылымдар енді кітапхана сөрелерінен өз орнын тауып, жаңа ризашыл оқырмандарын табатыны сөзсіз, - деді кітап қорын қалыптастыру бөлімінің басшысы.
Кітапхана ұжымы акцияға қатысқан павлодарлықтарға алғысын білдірді.