Железин аудандық ауруханасында жаңа орталық ашылды

Ол баланы дамыту және ерте араласуға арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аурухананың баспасөз қызметі мәлімдегендей, жаңа орталықта жүкті әйелдер мен бес жасқа дейінгі балаларға патронаж қызметі көрсетіледі. Сондай-ақ мұнда маңызды тексерулер – аудиологиялық және психофизикалық скрининг жүргізіледі.
Орталық құрамында бірнеше бөлімдер жұмыс істейді: дәрігер-педиатр кабинеті, аудиологиялық скрининг кабинеті, баланы дамыту кабинеті және ресурстық кабинет.
Мамандардың айтуынша, орталықтың басты міндеті – баланың дамуындағы ықтимал қауіп-қатерлерді ерте анықтап, ата-аналарға сенім мен қолдау көрсету арқылы бұл жолды бірге еңсеруге көмектесу.
Ведомствода атап өткендей, жаңа орталықтың ашылуы – келер ұрпақтың денсаулығына деген қамқорлықтың маңызды қадамы саналады. Өйткені ерте араласу – балалардың денсаулығы мен үйлесімді дамуын қамтамасыз етудің негізгі кепілі.