Павлодарда оннан астам шағын саябақ абаттандырылуда

Облыс әкімі Асайын Байхановтың бастамасымен тұрғындарға қолжетімді әрі жайлы демалыс аймақтарын құру жобасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы қала әкімі Хасар Хабылбеков өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді.
Биылғы жылы қала аумағында 17 шағын саябақты абаттандыру жұмыстары жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 7 учаскесінде жұмыстар толық аяқталған. Қалған нысандарда абаттандыру жоспарға сәйкес жалғасуда. Жоба аясында барлық саябақтар 1 тамызға дейін толық пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Жаңа демалыс аймақтары тұрғындардың оң бағасын алуда. Қала тұрғындары, әсіресе аға буын өкілдері, осындай тынығу орындарының пайда болғанына риза.
– Біз кешке демалысқа шығып жүргенде отырып демалатын орын бар. Енді қаламыз көркейіп келеді. Өте әдемі қала, осындай аллеялар барлық жерде ашылып жатыр. Өте жақсы, – дейді зейнеткер.
Тағы бір тұрғын 8 жылдан бері осы ауданда тұрып жатқанын айтып, өзгерістерге ризашылығын білдірді.
– Осындай шағын демалыс орнын салып қойды. Кешкісін келіп тынығып, серуендеуге өте ыңғайлы. Мұнда балалар көп ойнайды, жастар да көп. Тазалық, әдемілік, жайлылық – бәрі бар. Күнде осында келіп демалғың келеді. Ауасы таза, гүлдер әдемі. Ең бастысы – адамдар. Тұрғындар өте көп. Әсіресе кешке және күндіз де адам үзілмейді. Менің ойымша, қыс мезгілінде де мұнда адамдар келеді, өйткені бұл жер адамдар үшін жайлылық сыйлайтын орынға айналды. Рахмет! – деді ол.
Қала әкімдігінің мәліметінше, абаттандырылған аймақтарда орындықтар орнатылып, жарықтандыру, көгалдандыру, жаяу жүргіншілер жолдары мен балалар алаңдары қарастырылған. Жобаның басты мақсаты – қала тұрғындары үшін қолайлы және қауіпсіз демалыс орнын қалыптастыру.
Посмотреть эту публикацию в Instagram