Павлодарда орманшылар оқушыларға ағаш отырғызуды үйретті

Павлодарда орманшылар оқушыларға ағаш отырғызуды үйретті
Фото: Автор

Олар өңіріміздің орман қорғау мекемелерінің жұмыс барысын таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар технологиялық колледжінде «Павлодар технологиялық колледжі – жастарға тамаша мүмкіндік» атты Ашық есік күні өтті.

Шараға Аққулы және Павлодар аудандарының мектеп оқушылары келді. Жас өрендер үшін қызықты тақырыптық орындар, шеберлік сабақтары мен спорттық жарыстар ұйымдастырылды.

–    Қатысушыларға сүт өндірісінің негіздерін меңгерген сүт өндірісі, аспаздық өнері, көкөністер мен жемістерді көркем кесу өнері және спорттық сайыстар ұйымдастырдық, – дейді колледждің ұстазы Шолпан Бектұрғанова.

Сонымен қоса Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің қызметкерлері қатысушыларға өңіріміздің орман қорғау мекемелерінің жұмысын түсіндірді.

–   50 түп қарағай көшетін өзімізбен бірге алып келіп, оқушылармен бірге оқу орнының ауласында отырғыздық. Өртті сөндіру қалай жүргізілетінін көрсету мақсатында өрт сөндіру көлігін де шақырдық,– дейді орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Шамиль Елубаев.

Орманшы болашақтағы мамандығын таңдай алмай жүрген жастарға өз жұмыстарын көрсеткісі келетінін жеткізді.

Айта кетейік, технологиялық колледж кәсіптік бағдар беруді дамыту, әріптестік байланыстарды нығайту және білікті кадрларды дайындау орталығы ретінде колледждің әлеуетін көрсету мақсатында құзіреттілік орталығының зертханаларында әр саладағы кәсіби шеберлік сағаттарын өткізуді дағдыға айналдырған.