Павлодарда отандық өнімді қолдау мәселесі талқыланды

Павлодарда отандық өнімді қолдау мәселесі талқыланды
Фото: автор

Өңірге ҚР Cауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова жұмыс сапарымен келді.  Жергілікті билік өкілдерімен және кәсіпкерлермен өткен кездесуде сауда саласындағы өзекті сұрақтар көтерілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кездесуде қазақстандық тауар өндірушілердің сауда сөрелеріне шығу мүмкіндігіне ерекше назар аударылды. Қолданыстағы ережеге сәйкес, сауда орындарындағы сөре кеңістігінің кемінде 30 пайызы отандық азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларға берілуі тиіс. Ал мемлекеттік қолдау алатын сауда субъектілері бұл көрсеткішті қосымша 20 пайызға ұлғайтуы керек. Айжан Бижанованың айтуынша, қазір министрлік сауда желілері мен өндірушілер арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты қалыптастыруға басымдық беріп отыр.

– Біздің мақсатымыз – отандық өнімнің сауда сөрелеріне еркін шығуына жағдай жасау. Ол үшін заңнамалық деңгейде шектеулерге тыйым салынды, ал сауда желілерімен ұзақ мерзімді меморандум жасасу тәжірибесіне көштік, – деді Айжан Бижанова.

Вице-министр қазақстандық өнімнің сатылымын арттыруда жарнамалық және маркетингтік тәсілдердің тиімділігін де атап өтті. Мәселен, қатты ірімшікті насихаттауға арналған пилоттық жоба нәтижесінде Magnum сауда желісіндегі тауар айналымы 20 пайызға өскен. Кейін бастама басқа өңірлерге таралып, бір айда сатылым тағы 7 пайызға артқан.

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін дамыту да күн тәртібінен түскен жоқ. Биыл республика бойынша 10 мыңға жуық жәрмеңке өткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 7,5 мыңы ұйымдастырылған. Министрлік алдағы уақытта өңірлерде жыл бойы жұмыс істейтін сауда алаңдарын ашып, фермерлерге өнімін делдалсыз өткізуге мүмкіндік беруді көздейтінін жеткізді.

Тағы бір маңызды мәселе – азық-түлік инфляциясын тежеу. Әсіресе, ет пен сүт өнімдерінің өзіндік құнын төмендету жолдары қарастырылып жатыр. Осы ретте электр энергиясы мен теміржол тасымалы тарифтерін арзандату ұсынылған. Бұған қоса, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қосылған құн салығын 10 пайызға дейін төмендету бастамасы Үкімет қарауында.

– Біз өндірушілердің өзіндік құнына араласпаймыз. Керісінше, өнімнің тұтынушыға делдалдарсыз, мүмкіндігінше қолжетімді бағамен жетуіне жағдай жасауға тырысамыз. Электр энергиясы мен тасымал шығындарын азайту да осы мақсатқа бағытталған, – деп түсіндірді Айжан Бижанова.

Жиында кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау тетіктері де таныстырылды. «Даму» қоры арқылы сауда нысандарын салуға, жаңғыртуға, айналым қаражатын толықтыруға және сауданы автоматтандыруға жеңілдетілген несие беріледі. Бағдарлама аясында 625 жоба жүзеге асқан. Қаржыландыру алған кәсіпорындардың табысы 16,5 пайызға артқан.

Ал экспортты кеңейту мақсатында AgroTrade электронды сауда алаңы пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Платформа қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін бес елдің нарығына ұсынуға мүмкіндік береді. Вице-министр өңірлік сауда желілерін жергілікті өндірушілермен бірігіп, экспортқа арналған тауарлар ассортиментін қалыптастыруға шақырды. Сондай-ақ, кездесуде заңсыз импортқа тосқауыл қою, ұлттық стандарттарды дамыту және «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экологиялық талаптарды күшейту мәселелері де қаралды.