Павлодарда отбасылар дәстүрді меңгеруден сайысқа түсті
Отбасылық викторинаға қала мен аудандардың жанұялары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
М.М.Катаев атындағы Оқушылар сарайында «Family day» облыстық жобасы аясында «Менің отбасым – менің байлығым» атты байқау өтті. Аталмыш шараға аудандық және қалалық кезеңдердің жеңімпаздары және олардың ата-аналары қатысты.
Қатысушылар «Біздің отбасымыз: отбасылық дәстүрлер қоржыны» бөлімінде өз отбасыларының салт-дәстүрлерімен бөлісті. «Аспаздық құпиялар» бөлімінде қатысушылар атадан балаға тарап келе жатқан тағам түрлерінің дайындалу жолдарын көрсетіп, дәмді бәліштерін жасады. «IQ қазан» бөлімінде дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарын білуге арналған отбасылық викторина болды.
– Қазақ халқы ата-бабаларынан мирас болып қалған әдет-ғұрыптарды қастерлейді. Бұл байқаудың мақсаты – отбасындағы қарым-қатынастарды нығайту, отбасы ішіндегі дәстүрлерді қалыптастыру, – дейді жоба үйлестірушісі Бахыт Аралбаева.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Аққулы ауданы Жамбыл мектебінің оқушысы Азамат Болатхан иеленді. Павлодар қаласының «№7 арнайы мектеп-интернатының» оқушысы Амангелді Шәріпбеков, Май ауданы Майтүбек мектебінің оқушысы Асанәлі Тоғамбеков, Успен ауданы М.Мәметова атындағы мектеп оқушысы Қайролланың отбасы бірінші орынға ие болды.
Екінші орынды «№7 арнайы мектеп-интернатының» оқушысы Рунара Абдулова, Екібастұз қаласы № 16 мектептің оқушысы Жәмиля Бектен және Железин ауданының №2 мектебінің оқушысы Дильназ Қамзина иеленді.
Үшінші орынға № 4 арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Ақан Тілектес және Ертіс ауданы Абай мектебінің оқушылары Дильфуза Акмурзаева мен Жайна Макулбекова ілікті.