Павлодарда мазасыз әке санитарлық көліктің әйнегін сындырды
Ол жүкті әйелінің жанында болғысы келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодарда өткен аптада санитарлық автокөлікке шабуыл жасалды. 18 шілдеде 103 пультіне жүкті әйелге көмек сұрап қоңырау түсті. Медициналық топ жедел түрде келді және науқасты №1 қалалық ауруханаға жатқызды.
– Аурухана аумағына жеткен соң, жұбайы жедел жәрдем көлігіне кіру үшін сұрана бастады. Ер адам әйелінің жанына жіберуін талап етті. Фельдшерлер ер адамнан тыныштық сақтауды сұрады, алайда ол өтініштерге мән бермей жедел жәрдем көлігінің әйнегін сындырды, – деді станцияда.
Қауіпсіздік камералары бойынша бұзақы терезені сөмкемен ұрып, оқиға орнынан қашып бара жатқаны анықталды. Ер адам облыстық жедел жәрдем станциясына материалдық зиян келтірді.
– Бақытымызға орай, ешкім зардап шеккен жоқ. Бүгінде полиция бұл іспен айналысып жатыр, – делінген хабарламада.
103 станциясының хабарлауынша, жолда павлодарлық жүргізушілер жедел жәрдем көлігін үнемі өткізбей жүріп өтеді. Жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен бірге дәрігерлер «Жедел жәрдемге жол бер» рейдін өткізді. Үш күн ішінде бірнеше құқық бұзушылар анықталды. Олардың көпшілігімен профилактикалық әңгіме жүргізілді, алайда кейбіреуіне айыппұл салынған болатын.
Фото: Константин Шелков