Тимур Жантикин: АЭС ғылым мен білімнің, технологияның дамуына жол ашады
Жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға ықпал етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин референдумға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, экономикалық, экологиялық, әлеуметтік әрі саяси маңызы бар шешімді қабылдау жолында қазақстандықтар оң таңдау жасады.
– Референдум сәтті өтті. Бұл отандастарымыздың ортақ іске ұйысып, жұмыла кірісе алатынын көрсетті, – дейді ол.
Тимур Жантикинның пікірінше, тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз етуге, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға қысқасы, атом электр стансасын салу экономиканың және онымен байланысты барлық саланың дамуына мультипликативті әсер етеді.
– Ғылым мен білімнің, технологияның дамуына жол ашады. Жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Сондықтан отандастарымыз бұл жолда өте дұрыс таңдау жасап, болашаққа нық қадам басты деуге келеді. Дегенмен, алда атқарар ауқымды міндет тұр. АЭС құрылысы бір жылдық белес емес, – деді Тимур Жантикин.
Сондай-ақ ол бұл – Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі әрі циклдік кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын ұзақмерзімді жоба екенін атап өтті. Ал, оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді.
– Біз өз тарапымыздан келешек ұрпақтың қамы үшін осы жобаның сәтті іске асуына аянбай үлес қосатын боламыз. Мемлекет басшысы атап өткендей, атом электр стансасын салу үшін әлемдік жеткізушілердің ең үздік технологиялары іріктелетін болады, – деді Тимур Жантикин.
Еске сала кетейік, қоғамдық саясат институты еліміздің барлық өңірінде Exit Poll өткізді. Экзитпол нәтижесі бойынша, сауалнамаға қатысушылардың 72,3%-ы Қазақстанда атом электр станциясының құрылысымен келісемін деп жауап берді. Қарама-қарсы пікір білдіргендер 27,7%-ды құрады.