Павлодарда полиция қоңырауларды «бағдаршам» түстеріне бөлді
«102» операторының пультіне күн сайын 300-ге жуық қоңырау түседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, демалыс күндері полицияға жүгіну саны 500-ге дейін артады. Облыс бойынша жыл басынан бері барлығы 56 мыңнан астам шақыру түскен.
– Кейбір жағдайларда тұрғындар полицияның араласуын қажет етпейтін тұрмыстық мәселелерді шешу үшін көмек сұрайды. Осылайша қызметкерлердің уақытын алады, ал сол кезде біреулер шынымен де шұғыл көмек қажет ететін сәттер болады, – дейді департаментте.
Жұмысты оңтайландыру мақсатында іске асырылатын «Полиция жұмысының қазақстандық сервистік моделі» пилоттық жобасы шеңберінде «102» қызметіне түсетін қоңырауларды қабылдау жүйесі мен тіркеу механизмі зерттеліп, құқықтық мазмұндағы шақыруларға талдау жүргізілді.
Қоңырауларды қауіп деңгейіне байланысты бағдаршамның түстері сияқты санаттар бойынша талдау және саралау жүргізілді: «қызыл», «сары», «жасыл».
Мәселен, «102» операторы «қызыл» санат бойынша өтініш келіп түскен кезде полиция жасақтарын уақытты жоғалтпай оқиға орнына жедел жіберу үшін залмен дауыстап байланыс орнатады.