Ертіс табиғаты: Ақсуда ескі су мұнарасы түрлі түске боялды
Муралды салуға 120 литр бояу кеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ақсу қаласында жаңа мурал пайда болды. Қалаға кіре берісте орналасқан 26 метрлік су мұнарасына аэрография студиясының жігіттері қызыл, сары, жасыл түсті реңк беріп, сыртын бояп шықты. «My Style» студияның басшысы Антон Толчиннің сөзінше, бұл арт-объектіні салуға 23 тамызда кіріскен.
– Суреттің негізгі бөлігін 29 тамызда аяқтап бітірдік. Бүгінде шатырды орнату жұмыстары жүріп жатыр, кейінірек саңылаулар жабылып, жертөле боялады, – деді спикер.
Оның айтуынша, суреттің эскизін қалалық сәулет және құрылыс бөлімімен бірге талқыланған. Су мұнараның қасбетінде жасыл, көк, тоқсары түстес ағаштардың бұтақтары шыңға қарай өрмелеп бара жатқаны көрінеді. Ал мұнараның басында аспанда ұшып бара жатқан құстар бейнеленген.
– Бізге абстракт стилін қолдануды ұсынды. Мұнараның безендірілуі жанында орналасқан үйлермен үйлестіру мақсатында осындай стильді орындадық, – дейді Антон Толчин. – Бұл суретте табиғатқа сүйіспеншілікті, Ертіс өзеніміздің әдемілігін көрсеткіміз келді.
Антон Толчиннің сөзінше, бұл жұмысқа 120 литрден астам түрлі түсті бояу кеткен. Ммұнараға бүріккіш пистолет арқылы сурет салынған.
Әлеуметтік желі қолданушылары жаңа муралдың пайда болуына қатысты өз қуаныштарын білдіріп, жағымды пікірлерін қалдыруда.
«Қандай керемет. Сіздер өз ісінің хас шеберісіздер. Тамаша көрінеді», – деп жазады желі қолданушылары.
Фото: «My Style» аэрография студиясы ұсынды