Павлодарда прокуратура мен полиция тергеу сапасын күшейту жолдарын талқылады
Мұнда қасақана жеңіл дене жарақатын келтіру мен ұрып-соғу фактілері жайында сөз болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шараға прокуратура органдарының өкілдері, сот-медициналық сараптама мамандары және анықтау бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты. Кездесу барысында құқық қолдану тәжірибесінің өзекті мәселелері, іс-әрекеттерді саралау кезіндегі проблемалық тұстар, сот-медициналық сараптамаларды тағайындау тәртібі, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары, прокуратура және сараптамалық мекемелер арасындағы процестік өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.
- Өтініштер мен хабарламаларды уақытылы тіркеу, дәлелдемелік базаны сапалы жинау, құқық бұзушылардың әрекеттерін дұрыс құқықтық саралау, жәбірленушілердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету және процестік мерзімдерді сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Прокуратура өкілдері қылмыстық-процестік заңнама талаптарын қатаң сақтау және қадағалау қызметін күшейту қажеттігін атап өтті. Сот-медициналық сараптама мамандары сараптамаларды тағайындау және жүргізу тәртібін, сондай-ақ сарапшыға сұрақтарды тұжырымдау кезінде жиі жіберілетін қателіктерді түсіндірді,- деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Мәлік Оңғарбаев.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру және аталған санаттағы қылмыстық теріс қылықтарды тергеу тиімділігін арттыру бойынша нақты ұсыныстар әзірленді.
Мұндай іс-шаралар сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасын арттыруды және жауапкершіліктің бұлтартпас қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған.