Павлодарда психотроптық заттарды теріс пайдаланған тұрғын қамауға алынды

Павлодарда психотроптық заттарды теріс пайдаланған тұрғын қамауға алынды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Есірткіні қолдану фактісі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен және медициналық сараптамамен расталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты есірткі, психотроптық заттарды медициналық емес мақсатта тұтыну фактісі бойынша азаматқа қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы істі қарады (ӘҚБтК 440-1-б. 1-б.).

Сот ер адамның биыл шілде айында Бекхожин көшесіндегі пәтерінде каннабиноидтарды медициналық емес мақсатта тұтынғанын анықтады. Сот отырысында азамат өз кінәсін толық мойындап, жасалған құқықбұзушылықтың мән-жайын түсіндіріп, материалдық қиындықта екенін көрсетті.

Сот іс материалдары мен дәлелдемелерді бағалап, олардың жиынтығында, азаматттың әрекетінде ӘҚБтК-нің 440-1-б. 1-б. көзделген әкімшілік құқықбұзушылық құрамы бар деген қорытындыға келді.

Істі қарау қорытындысы бойынша сот ер адамға 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындау туралы қаулы шығарды.

Қаулы заңды күшіне енді.