Павлодарда QJ League әйелдер маусымының алғашқы ойыны өтті

Павлодарда QJ League әйелдер маусымының алғашқы ойыны өтті
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

«Ертіс» ФК (Павлодар) және «Шахтер» ФК (Қарағанды) қыздар командалары арасындағы ойын болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Орталық стадионында Freedom QJ League жасөспірімдер футбол лигасының тарихтағы алғашқы әйелдер маусымының басталуына орайластырылған үлкен футбол кеші өтті. Бұл маңызды іс-шара балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту және Қазақстанда әйелдер футболын дамыту жолындағы жаңа кезең.

Кештің басты оқиғасы «Ертіс» ФК (Павлодар) және «Шахтер» ФК (Қарағанды) қыздар командалары арасындағы ойын болды. Ойын жарқын, мерекелік атмосферада өтіп, турнирді дәстүрге айналған мәдени-ойын-сауық бағдарламасы толықтырды.

Облыс әкімі Асайын Байханов іс-шараға қатысушыларға, жанкүйерлерге және қонақтарға құттықтау сөз сөйледі.

–  QJ League әйелдер маусымының алғашқы ойыны біздің аймақта өтіп жатқанына өте қуаныштымын. Бұл Павлодар облысы үшін үлкен жетістік және абырой. Аймағымыздың футбол тарихы өте бай. Өткен жылы біз «Ертіс» футбол клубын барлық атақ-даңқын сақтай отырып жандандырған болатынбыз. Бүгінде клуб Бірінші лигада сенімді өнер көрсетуде және мақсатымыз Премьер-лигаға шығу. Әйелдер командасының QJ лигасына қатысуы - бұл даму мен жаңа жеңістерге жету жолындағы маңызды қадам.

Сондай-ақ, аймақ басшысы турнирдің бас серіктесі - Freedom Holding Corp компаниясына және оның бас директоры Тимур Турловқа, сондай-ақ бастамаға қолдау білдіріп, еліміздегі жастар футболын дамытып жатқан Қазақстан футбол федерациясына алғысын білдірді.

Ойыннан басқа, кеш қонақтары үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды: аттракциондар, чилл аймағы, фудкорт, DJ жиынтығы және бағалы сыйлықтар ойнатылды (iPhone 16e, AirPods 4 және Galaxy Tab A9). «Зымыран» және «Сен туралы» сияқты хит әндердің орындаушысы, танымал қазақстандық әнші Мирас Жүгінісов кештің хедлайнері болды.

Freedom QJ League - бұл 2023 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан Қазақстандағы жасөспірімдер футболын дамыту бойынша ауқымды ұлттық жоба. 2025 жылы турнир үш жас санатындағы елдегі ең үздік 20 команданы қамтып отыр: U-14, U-16 және U-18, сонымен қатар, алғашқы толыққанды әйелдер лигасын қамтиды.

Жарыс екі айналымдық чемпионат форматында - өз алаңында және сырт алаңда өтеді. Жобаны толықтай Freedom Holding Corp қаржыландырып, ұйымдастыруда, яғни, барлық негізгі шығындарды, соның ішінде логистика, командалардың тамақтануы мен жатын орнын, төрешілікті, ойындарды ұйымдастыруды және маркетингті қамтиды.

Турнир жеңімпаздары УЕФА жасөспірімдер лигасында Қазақстанның атынан шығу құқығына ие болады. Бұл өз кезегінде QJ лигасын тек ішкі чемпионат қана емес, халықаралық спортқа тікелей жол ашатын елдегі футбол жүйесінің негізгі элементі екенін көрсетеді.

Лиганың бірінші ойынының қорытындысы бойынша біздің «Ертіс» ФК командасы «Шахтер» ФК командасынан 5:1 есебімен басым түсіп, тамаша ойын көрсетті.