Павлодарда «RE:FASHION» экологиялық дефилесі өтті

Павлодарда «RE:FASHION» экологиялық дефилесі өтті
Фото: pixabay.com

15 модель пластик, қорап пен темірден жасалған ерекше образдарды көпшілік назарына ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі

Облыста жастар арасында экология мен сәнді ұштастырған «RE:FASHION» атты креативті дефиле өткізілді. Бұл ерекше іс-шарада қатысушылар қалдық және қайта өңделетін материалдардан костюмдер, атрибуттар мен аксессуарлар жасап, оларды подиумда таныстырды.

Жоба сән индустриясына жаңа көзқарас ұсынып, саналы тұтыну мәдениетін насихаттауға бағытталған. Дефиле барысында қатысушылар музыканың сүйемелдеуімен сахна бойымен жүріп өтіп, өздерінің ерекше образдары мен тың идеяларын көрерменге паш етті.

Шараға орталықтың белсенділері мен еріктілері қатысып отыр. Олар алдын ала қораптардан, пластик бөтелкелерден және темір банкалардан түрлі киім элементтері мен аксессуарлар дайындаған. Атап өтерлігі, барлық бұйымдар қайта өңдеуге жарайтын қалдық материалдардан жасалған.

– Бұл жоба жастарды экологиялық ойлауға баулып, қарапайым заттарға жаңаша көзқараспен қарауға шақырады. Дефиле арқылы біз күнделікті қолданыстағы заттарға екінші өмір беруге болатынын көрсеткіміз келеді. Сән мен экологияны біріктіру – қазіргі заманның маңызды тренді, – дейді облыстық жастар бастамаларының дамыту орталығының жанындағы волонтерлік орталықтың инспекторы Томирис Бесенова.

Айта кетейік, шара байқау емес, дефиле форматында жүзеге асты.

Аяужан Жетес.

Фото: Автор