Павлодарда республиканың жас IT мамандары жасанды интеллект бойынша жобалар жасауда
Республикалық хакатонның негізгі тақырыбы – білім беру саласындағы жасанды интеллект, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы білім беру басқармасының ақпараттық технология орталығының басшысы Елнар Өтебаевтың айтуынша, әр түрлі облыстардан келген мектеп оқушылары мен колледж студенттерінен тұратын 20-ға жуық команда, яғни 100-ге жуық қатысушы жасанды интеллект бойынша бес нақты бағыт бойынша жұмыс жасайды.
– Олар тоғыз сағаттың ішінде киберқауіпсіздік, яғни алаяқтықпен күресте пайдалы face-id жобасын, дизайн, мемлекеттік қызметтер саласында процестерді жеңілдететін, автоматтандыруға, стандарттауға мүмкіндік беретін жобаларды ойлап шығарулары керек. Тапсырмалар арнайы әзірленіп, бүгінгі күнге дейін құпия сақталды. Ертең олар өздерінің дайын жобаларын паш етеді, – деді Елнар Өтебаев.
Байқаудың жүлде қоры үш миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ, үздік жобалар стартап жобалар түрінде ресімделеді. Бұл ретте, қатысушылар басқа стартап жобалар байқауларында инвесторларды іздеп, өз жобаларын толығымен сата алады. Бұл мемлекеттік органдар да немесе жеке адамдар да болуы мүмкін.
– Егер қандай да бір жоба аймақ үшін пайдалы болып көрінсе, онда жоба авторларымен байланысқа шығып, министрлікке жеткізуге тырысамыз. Мұның бәрі жобаның сапасына байланысты, – деді спикер.
Биылғы жылы республикалық хакатонның ережелері сәл өзгерген. Балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау үшін түні бойы жоба жасау алынып тасталған. Жаңа ережелер бойынша тапсырмаларды таңғы 10:00-де жасай бастап, кешкі 20:00-де аяқтайды. Тапсырмалар қысқа мерзімде орындай алатындай етіп құрастырылған.
Облыстық білім басқармасының басшысы Самал Айтқазина ел Президенті Қасымжомарт Тоқаев өз Жолдауында Қазақстан жасанды интеллект кеңінен қолданылатын және цифрлық технологиялар дамитын ел болуы тиіс екенін айтқанын еске салды. Бұл ретте, басқарма басшысы IT саласының мамандары болашақта еліміздің экономикасының дамуына өз үлестерін қосатынына сенім білдірді.