Павлодарда СҚО студенттерінің І Құрылтайы өтті
Іс-шараны Павлодар облысы бойынша Марғұлан университеті мен Қазақстан студенттер Альянсы ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ЖОО баспасөз қызметінің мәліметінше, Солтүстік Қазақстан өңірі студенттерінің I Құрылтайы және «Шамшырақ» көшбасшылық Академиясының тұсаукесеріне Астана, Қостанай, Көкшетау, Семей, Қарағанды және Павлодар қалаларынан келген делегаттар-студенттік омбудсмендер қатысты.
Солтүстік өңір студенттерінің форумын Марғұлан университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Серік Ілиясов құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға жемісті жұмыс тіледі.
Құрылтай барысында университеттің «Шамшырақ» көшбасшылық Академиясының тұсаукесері өтті. Студенттер парламентінің президенті Аян Дәулетьяров пен Студенттер Парламентінің үйлестірушісі Дариға Жұматай ұйым қызметінің бірнеше бағыттары туралы баяндады.
– Академияның мақсаты – студенттердің көшбасшылық әлеуетін, оларды қоғамдық қызметке тарту арқылы тиімді өзара іс-қимыл жасау дағдыларын дамыту. Бұл жан-жақты адам тұжырымдамасын жүзеге асыру, кәсіби біліктілікті арттыру, қажетті арнайы білім алу. Мұнда жас мамандарға арналған кәсіби біліктілікті арттыру бойынша семинарлар, білім беру саласындағы хедлайнерлермен коучингтер, білікті мамандармен шеберлік сыныптары, өңірлік жұмыспен қамту орталықтарымен кездесулер өткізіледі, – деді Аян Дәулетьяров.
Студенттер мобилография, SMM, веб-дизайн, компьютерлік бағдарламалау дағдыларын үйренеді, кәсіпкерлік, қаржылық сауаттылық, кондитерлік өнімдер жасау негіздерін, makeup немесе handmade құпияларын меңгереді.
– Жоба аясында студенттердің кең ауқымын қамтуға және болашақта білікті мамандар ретінде қоғамға пайда әкелуі үшін қажетті білім мен дағдыларды беруге тырысамыз. Біздің мақсатымыз – олардың қажеттіліктеріне сай білім беру, – дейді Дариға Жұматай.
Құрылтай барысында құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірлесіп, жастардың дамуына кедергі келтіретін қоғамның ең өзекті мәселелерін шешу жолдары талқыланды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мұратбек Қасымов сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оған қарсы іс-қимылға бағытталған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасын ұсынды.
Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Ирина Темірғалиева жастардың синтетикалық есірткіні қолданудың зияны мен салдары туралы хабардар болуын арттыруға бағытталған профилактикалық жұмыс туралы айтып берді.
Марғұлан және Торайғыров университеттерінде өңірлік ЖОО студенттерімен кездесулер өтті. Жастар бастамаларын дамыту орталығы құрылтайға қатысушылар үшін қызықты «BRAIN STORM» ұйымдастырды.
Солтүстік Қазақстан өңірі студенттерінің I құрылтайында ашық диалог алаңы құрылды, онда солтүстік облыстардың жастары тәжірибелерімен бөлісіп, өз проблемаларын талқылап, оларды шешу жолдарын ұсынды.
Бұдан бөлек, іс-шара спикерлері - Қазақстан Студенттер Альянсының атқарушы директоры - студенттік омбудсмен Аружан Қуандыққызы, қалалық мәслихат депутаты, облыстық «Jasyl еl» штабының басшысы Русана Самекова, Павлодар облысы бойынша студенттер альянсының төрағасы Дәурен Шәріпов өз сөздерінде студенттердің құқықтарын қорғау, сапалы білім беру, студенттердің шығармашылық өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктері, экологиялық белсенділік мәселелерін атап өтті.