Павлодарда сәбіздің бағасы республика бойынша ең төмен деңгейде тіркелді

Павлодарда сәбіздің бағасы республика бойынша ең төмен деңгейде тіркелді
Фото: Константин Шелков

Өңірде сәбіздің орташа бағасы килограмына 140 теңгені құрады. Бұл – республикадағы ең төмен көрсеткіш, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстанда 23 қыркүйектегі жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатарының бағасы төмендеген.

Өткен аптада пияз 4,3%-ға, сәбіз 2,8%-ға, алма 2,5%-ға, қияр 1,3%-ға, картоп 0,9%-ға арзандаған. Сондай-ақ қант пен тауық етінің бағасы 0,5%-ға, сүйекті сиыр еті 0,4%-ға төмендеді.

Павлодар қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы баға деңгейі алдыңғы аптадағы көрсеткішпен салыстырғанда өзгеріссіз қалды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, республика бойынша сәбіздің орташа бағасы килограмына 215 теңге болды. Оның ең төмен бағасы Павлодарда – 140 теңге деңгейінде тіркелді.

Салыстыру үшін, пияздың ел бойынша орташа бағасы 142 теңге болса, ең төмен баға Талдықорғанда – 107 теңге. Алманың орташа бағасы 727 теңгені құрап, ең төмен көрсеткіш Шымкентте – 554 теңге деңгейінде тіркелді.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының индексі апта сайын есептеледі. Бағалар облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада бақыланады.