Сымдар скотчпен ілулі тұр: Екібастұз ауруханасындағы сұмдық жағдайға түсінік берді
Медициналық мекеме сегіз жыл жөндеу көрмеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Тұрғындар әлеуметтік желіде Екібастұз қаласының қалалық ауруханасының педиатриялық бөлімдегі болып жатқан жағдайды бейнеге түсіріп, дабыл қағуда. Шағымда бөлімше балаларға лық толы, сол себептен жатын орындар жеткіліксіз екенін және сантехникалық жабдық апатты жағдайда болып жатқаны жайлы жазылған.
– Батареялар мен құбырлар ағып жатыр. Балалар ата-анасымен бірге бір төсекте жатуға мәжбүр. Әйнектерді мұз басуда. Бөлменің қабырғасы, едені мүшкіл жағдайда. Бөлімшедегі өрт дабылы үзілген сымдарға байланысты жұмыс істемейді. Сымдар скотч арқылы жабыстырылған, – деп жазды бейне авторы.
Бұл жағдайға қатысты қалалық аурухана түсінік берді.
– Педиатриялық бөлімше 25 төсек орынға шақталған. Алайда жіті респираторлық аурулардың маусымдылығына байланысты қыркүйек айынан бастап, бөлімше шамадан тыс жүктемемен жұмыс істейді. Бүгінгі күні пациенттер саны 50-ден асады, – деді Екібастұз қалалық ауруханасында.
Жүктеменің өсуіне байланысты төсек-орындар жеткіліксіз болып отыр. Аурухананың басшылығы дәрілік препараттармен, төсек-орын жабдықтарымен, тамақпен толық көлемде қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдауда.
– Терапевтік корпусты жөндеуге корпусты күрделі жөндеуге ЖСҚ әзірлеу үшін құжаттар берілді. Соңғы жөндеу жұмыстары 2015 жылы жүргізілді. Ағымдағы жөндеу қажеттілігіне қарай жүргізіледі, – деді ауруханада.
Сондай-ақ, 2024 жылы гинекологиялық корпус ғимаратының толық тозуына байланысты перзентханада күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда.