Павлодарда серіктестік ірі көлемде айыппұл арқалады
Кәсіпкер клиенттерін тексеруден өткізбей, қаржылық мониторинг талаптарын бұзған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысты істі қарады. Сот барысында аталған кәсіпорынның Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнама талаптарын бұзғаны анықталды. Атап айтқанда, ЖШС өз клиенттерін, олардың өкілдерін және бенефициарлық меншік иелерін тиісінше тексеру жөніндегі қажетті шараларды қабылдамаған.
Сот отырысында серіктестік өкілі заң бұзушылық фактісін толықтай мойындады. Оның түсіндіруінше, бұл қателік қасақана емес, компьютерлік бағдарламаның дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан орын алған. Соған қарамастан, заң алдындағы жауапкершілік күшінде қалды.
ЖШС-нің әрекеттері ҚР ӘҚБтК-нің 214-бабы 4-бөлігі бойынша сараланды. Кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне сәйкес, бұл мекеме орта кәсіпкерлік санатына жатады. Сот істі қарау кезінде жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын және кінәні өз еркімен мойындауын ескерді. Осыған байланысты ӘҚБтК-нің 829-11-бабы 2-бөлігі қолданылып, әкімшілік айыппұл сомасы 30 пайызға қысқартылды.
Сот қаулысымен ЖШС кінәлі деп танылып, оған 550 480 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.