Павлодарда сертификатталмаған пиротехниканы сатқан тұрғын жазаланды
Оның көлігінен 30-ға жуық сертификатталмаған өнім тәркіленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жергілікті тәртіп сақшылары төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, сертификатталмаған пиротехникалық заттардың сатылу фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша рейдтер жүргізуде.
Өңір тұрғынының автомобилінің жүксалғышынан пиротехникалық заттарды заңсыз сату фактісі анықталды. 26 жастағы бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы бойынша хаттама толтырылып, 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, одан 27 бірлік пиротехникалық өнім тәркіленді.
– Пиротехникалық заттарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау тәртібін сақтау бойынша заңды тұлғалар мен мамандандырылған сауда нысандары тексерілді. Еркін саудаға тыйым салынған немесе Қазақстан Республикасының Заңнамасымен шектелген тауарлармен және өзге де заттармен сауда жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген, –дейді департаментте.
Полиция қауіпсіздік мақсатында пиротехникалық бұйымдарды тек мамандандырылған дүкендерде және осы қызмет түріне тиісті лицензиясы бар адамдардан сатып алу қажет деп кеңес береді. Сатып алу кезінде сатушылардан өнімнің сертификатын талап ету керек. Әрбір пиротехникалық затта мемлекеттік және орыс тілдерінде қолдану нұсқаулығы болуы тиіс.