Павлодарлық сотталушы қатерлі ісікті жеңіп шықты
Ол үш жылға бас бостандығынан айырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Павлодар облыстық департаментінің мәліметінше, 45 жастағы қала тұрғыны ұрлық жасағаны үшін үш жылға бас бостандығына шектеу жазасы тағайындалып, сотталған. Алайда есепте тұрғанда пробациялық бақылаудан жалтарып, жаза өтеу тәртібін бұзғаны үшін оның жаза мерзімі бас бостандығынан айыруға ауыстырылды.
Сотталушы 2023 жылдың шілдесінде Абай облысының әйелдер колониясына жазасын өтеу үшін келген. Медициналық қызметкерлердің жоспарлы тексеруі кезінде мамандар сотталған әйелден сүт безі қатерлі ісігінің бар болуы мүмкін екендігін айтқан. Диагнозды растау үшін медицина қызметкерлері толық тексеруде ісік расталып, сол жылдың қазан айында Семей қаласының онкологиялық ауруханасында ота жасалды.
Отадан кейінгі кезеңде сотталған әйел химиотерапия мен сәулелік терапия алған. Тексерулер мен талдаулар үшін денсаулық сақтау ұйымдарына бірнеше рет жіберілген. Сонымен қатар жазасын өтеуші әйелмен колония психологтары жұмыс істеген.
– Мен мекеме әкімшілігіне, қамқорлығы мен көмегі үшін өте қатты ризамын. Қазір жағдайым әлдеқайда жақсы, мен бұл ауруды жеңіп шықтым және алдағы уақытта бәрі жақсы болады деп сенемін, – дейді сотталушы.
Үйінде 12 және 10 жастағы екі ұлы күтіп отырған әйел ең бастысы, өмір сүруге деген ұмтылыс екенін айтады.