Павлодарда шұңқырға құлаған бала екі отадан кейін үйіне оралды
Жеткіншекке екі ота жасалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бала 29 мамырда шұңқырға құлаған кезде басынан жарақат алған. Жеті жасар жеткіншектің анасының айтуынша, баланы травматолог пен реаниматолог қарап шыққаннан кейін жедел түрде реанимация бөліміне жатқызу туралы шешім қабылданған.
Операция алдындағы дайындықтан кейін баланы хирургиялық емдеуге жеткізген, алайда сол кезде кенеттен жаппай қан кете бастаған. Алғашқы операция кезінде кішкентай науқастың жарақат салдарынан кейінгі ауыр жағдайын ескере отырып, қан кетуді толығымен тоқтату мүмкін болмады.
Дегенмен дәрігерлер бірнеше күн ішінде баланың жағдайын тұрақтандырып, екінші операцияға дайындады.
– Өкінішке орай, көп жағдайда мұндай зақымдануы бар науқастар тірі қалмайды. Бірақ топтық жұмыстың арқасында барлығы ойдағыдай өтті. Ең алдымен біздің анестезиолог-реаниматологтарымыздың еңбегінің нәтижесінде науқаста тіпті, неврологиялық тапшылық болған жоқ. Бұл ерекше жағдай, – дейді анестезиология, реаниматология және қарқынды терапия бөлімшесінің меңгерушісі Қуат Арғынов.
Абырой болғанда, қан кету шұғыл эндоваскулярлық араласуға қабілетті дәрігерлер және білікті анестезиолог-реаниматологтар тобы жұмыс істейтін облыстық балалар ауруханасында басталған.
Баланы құтқаруға бірден аурухананың реанимация бөлімінің төрт дәрігері қатысты. Олар құтқарудың әр кезеңінде – бөлімшеде, операциялық бөлмелерде және реанимацияда өмірлік маңызды көрсеткіштерді сақтады. Ал мұндай қан кету кезінде бұл өте қиын.
Операциядан кейінгі кезең асқынусыз өтті. Бала аман-есіне үйіне шығарылды.
Облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері мұндай операцияларды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша тегін жасайды. Ол үшін баланы облыстан немесе елден тыс жерге апарудың қажеті жоқ.
Еске сала кетейік, 29 мамыр күні бала Павлодар облысы аудандарының бірінде ауладағы су құбыры үшін қазылған 2,5 метрлік шұңқырға құлаған. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалаған болатын.