Павлодарда шұңқырларды ыстық асфальтпен бітеу жұмыстары басталды
Мамандар жөндеу жұмыстарына жылдағыдан ерте кіріскен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің мәлімдеуінше, бұл облыс әкімі Асайын Байхановтың тікелей тапсырмасы бойынша іске асуда. Бүгінде қала көшелерінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шұңқырларды ыстық асфальтпен бітеу жұмыстары басталды.
– Биыл асфальтбетон зауыттары әдеттегіден ертерек — 18 наурызда іске қосылды. Өткен жылы жұмыстар 25 наурызда басталған болатын. Қыстан кейін жолдардың жекелеген учаскелері зақымданып, автокөлік жүргізушілеріне қолайсыздық туғызуда. Сондықтан толық жылынуды күтпей, жөндеу жұмыстары ертерек басталды, - деді шаһар басшысы.
Жұмыстар технологиялық талаптарды сақтай отырып жүргізілуде. Яғни жол жабыны қар мен мұздан тазартылып, кептіріледі, содан кейін ғана асфальтбетон қоспасы төселеді.
Ең алдымен жөндеу жұмыстары Академик Сәтбаев, Естай, Катаев, Баян батыр, Қайырбаев, Жібек жолы көшелерінде, сондай-ақ қалаға кіреберісте және трамвай өткелдерінде жүргізілуде.
Хасар Хабылбеков мердігерлерге шұңқырларды жөндеу жұмыстарын сәуір айының соңына дейін аяқтауды міндеттеді.