Екібастұз әкімі жаңадан орнатылған ойын алаңдарының сапасын тексерді
Кеншілер шаһарындағы биыл жоспраланған аулаларды абаттандыру жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Барлығы 25 ойын алаңы орнатылды. Оның ішінде 20 алаңды бюджет қаражаты шеңберінде, үшеуі демеушілік қаражат есебінен және екі алаң «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында салынды. Сондай-ақ, бес воркаут мен үш стритбол алаңы орнатылды. Бұл туралы Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді.
– Орындалған жұмыстардың сапасына көз жеткізу үшін осы алаңдарды аралап шықтым. Мердігерлерге қатысты бірқатар ескертулер жасалды, алайда бүгінде олар ескеріліп, толығымен орындалды,– деді Аян Бейсекин.
Келесі жылы облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен 50-ге жуық ауланы абаттандыру жұмыстары жоспарланған. Оған 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жалпы Екібастұзда 279 аула бар.