«Қазақстан аруы»: Павлодарда каратэші сұлу жеңімпаз атанды
Ақтық кезеңде Павлодардың сегіз аруы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңіріміздің ең әдемі, үздік ару таңдалды. Байқау барысында арулар қазылар алқасы мен көрермендердің көңілінен шығуға тырысып, өз өнерлерін көрсетті. Қатысушылардың сұлулығы мен өнеріне қазылық етуге көрші облыстан қонақтар шақырылды.
– Негізі таңдау қиындау болды. Финалдық кезеңге тек таңдаулы сегіз сұлу қызымыз өтті. Бір қыздар салған суреттерін көрсетсе, біреуі өздерінің спорттық өнерлерін паш етті. Ақыры таңдауымыз каратист қызға түсті. Түр-әлпеті мен бойы да, өзін-өзі ұстауы да қалған қатысушылардан биіктеу болды, – дейді қазылар алқасының мүшесі Гүлнар Жүнісова.
Қазылар алқасында семейлік қонақтан бөлек, «Ertis Media» холдингінің директоры Руслан Билялов, «Фирма театр моды Райсы» ЖШС директоры Раиса Жұмашевна, Естай атындағы мәдениет сарайының басшысы Сапар Шайхимов, «Bilim Republic» ЖШС директоры Ержан Әуезов төрелік еттік.
Байқау нәтижесі бойынша «Сымбатты ару» аталымын Нұрқадиша Төлеухан, «Инабатты ару» аталымын Аяна Шамиева алды. Ал «Нағыз ханшайым» аталымына Фариза Қаппас ие болды. Софья Гончаренко «Іnstagram аруы» атанды.
Үшінші дәрежелі «Вице-ару Павлодар 2023» аталымы Аяна Летайға, екінші орын Мәдина Олжабайға бұйырды. Бірінші дәрежелі «Вице-ару Павлодар 2023» аталымына Дильназ Жанкүшүковаға ие болды. Аталмыш байқаудың ең үздік аруы атанып, «Павлодар аруы-2023» атанған - Аделлина Балғымбаева.
– Бұл менің бала кезімдегі арманым еді. Осындай байқауларға қатысатын қыздарға қарап қызығатынмын. Осы байқауда жеңімпаз атану үшін барлық күшімді салдым. Сонымен қатар спортшы қыздар да нәзік, әдемі бола алатынын дәлелдедім деген ойдамын. «Қазақстан аруы» байқауына дайындалып, «Әлем аруы» байқауына өту үшін бар күшімді саламын, – дейді Аделлина Балғымбаева.
Қатысушылар мен жеңімпазға демеушілер атынан бағалы сыйлықтар табысталды. Алдағы уақытта Адделина Балғымбаева республикалық арулардың байқауында өңір намысын қорғайтын болады.
Фото: Константин Шелков