Павлодарда шомылуға тыйым салынған жерде ер адам суға батып кете жаздады

Ер адамды қайықпен өтіп бара жатқан тұрғындар құтқарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ертіс өзенінде, шомылуға рұқсат етілмеген жерде, нақтырақ айтқанда Инвесторлар үйінің маңында ер адам суға бата бастады.
– Сол уақытта жергілікті тұрғындар қайықпен өтіп бара жатқан еді. Олар суға батып бара жатқан адамды құтқарып, кейін ер адамды жағаға жеткізді. Азаматқа медициналық көмек қажет болмады. Оқиға орнына Павлодар облысы ТЖД құтқарушылары да шықты, – делінген хабарламада.
Судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында облыстық ТЖД азаматтарды тек рұқсат етілген жерлерде шомылуға, спирттік ішімдік ішкен күйде суға түспеуге, балаларды қараусыз қалдырмауға және өз күштерін асыра бағаламауға шақырады.