Павлодарда орта бизнес проблемалық мәселелерді шешу бойынша ұсыныстарын айтты

Павлодарда орта бизнес проблемалық мәселелерді шешу бойынша ұсыныстарын айтты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кәсіпкерлер инвесторлармен өткен кездесуде өз бастамаларымен бөлісіп, өзекті мәселелерді ортаға салды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Олардың ұсыныстарын Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов «Сұрақ-жауап» сессиясы аясында тыңдады.

«Агромир» ЖШС директоры Наталья Поплавец кәсіпорындардың қиындықтары мен үміттері жайлы айтып, тұрақты даму тек жоспарлы жүктеме мен тұрақты тапсырыстар болған жағдайда ғана мүмкін екенін атап өтті. Компания ондаған түрлі өнім шығарады, соның ішінде арнайы бекіткіштер, болттар, шпилькалар мен анкерлер бар.

– Егер ұзақмерзімді келісімшарттар болса, бізде өсуге әлеует бар. Біз бірнеше рет ірі кәсіпорындарға келісімшарт жасасу кезінде өңірлік өндірушілерге басымдық беруді ұсындық. Өкінішке қарай, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын басқа инвесторлар орындайды, ал бізге мүмкіндік берілмейді. Жергілікті өнім сатып алынбайды, дегенмен біз ірі кәсіпорындардың үнемі жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізетінін жақсы білеміз, – деді Наталья Поплавец.

Көптеген келіссөздер мен коммерциялық ұсыныстарға қарамастан, кәсіпорын үнемі бас тартуларға тап болады. Қазіргі таңда өнім «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ, Атырау мұнай-химия зауыты және «Өзенмұнайгаз» АҚ-ға жеткізіледі, алайда Павлодардың өндірістік алпауыттары өзге жеткізушілерге артықшылық береді.

Асайын Байханов бұл мәселелерді тыңдап, барлық мүдделі тараптардың қатысуымен жеке кездесу өткізуді ұсынды.

Ұқсас қиындықтармен Павлодар құбыр илек зауыты да бетпе-бет келіп отыр. Кәсіпорын шикізат бағасының қымбаттауына байланысты тапшылыққа ұшырауда. Зауыт директоры Манарбек Күлетовтың айтуынша, индустрияландыру картасы аясында зауыт жаңғыртудан өткен. Компания шығаратын су және газ құбырлары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен құрылыс саласына жеткізіледі.

– Биыл біз шикізат бағасының өсуіне тап болдық. Біз Теміртаудағы «Qarmet» зауытынан металл сатып аламыз – бұл Қазақстандағы жалғыз жеткізуші. Егер инвесторлар табылса, өңірде болат өндіруді жолға қойған орынды болар еді, бұл сыртқы жеткізілімге тәуелділікті азайтар еді. Біздің жұмысымыз толығымен шикізатқа байланысты. Жеткізушімен жұмыс істегенде, баға талдауын жасауға тура келеді. Біз Ресей мен Қытайдан ұсыныстар сұрап, оларды жеткізушіге береміз, сонда ғана олар бағаны төмендетеді. Бірақ осы аралықта Павлодарға металл жеткізілуін күтіп, уақытымызды жоғалтамыз, – деп түсіндірді Манарбек Күлетов.

Жаңғыртудан бұрын зауыт айына 800 тонна өнім өндірсе, қазір – 1500 тоннаға дейін жетеді. Алайда шикізатқа байланысты проблемалар жоспарланған көлемге жетуге мүмкіндік бермей отыр. Биыл кәсіпорын мамырға дейін жұмыс істеді, кейін тоқтап қалды – келіссөздер жүрді. Егер шикізат өндірісі жергілікті жерде жолға қойылса, бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, экономиканы жандандырар еді.

Облыс әкімі өңірде бұл мәселені шешуге әлеуеті бар екі ірі зауыт бар екенін айтты – «Кастинг» және «KSP Steel». Бірақ бұл мәселе қысқа мерзімде шешілмейді.

– Қазіргі таңда кәсіпорындар жаңарту кезеңінен өтуде, олардың іске қосылуына қатысты инвесторлармен жұмыс жүргізілуде. Құжаттар рәсімделіп жатыр, жыл соңына дейін проблемалық мәселелерді шешеміз деп жоспарлап отырмыз. Талқылаулар жалғасып жатыр, келесі жылдың басына немесе көктемге қарай шешім қабылданады деп ойлаймын. Біз бұл мәселемен айналысып жатырмыз, инвесторлар бар. Бұл – тек бізге емес, акционерлерге де ортақ міндет, – деді Асайын Байханов.

Еске сала кетейік, Павлодарда облыс басшылығымен кездесу өтіп, онда экономикалық өсудің негізгі мәселелері талқыланды. Негізгі назар – өңдеу өнеркәсібін дамыту мен ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыруға аударылды.