Павлодарда студент-журналистердің форумы өтті

Павлодарда студент-журналистердің форумы өтті
Фото: Ұйымдастырушылардан

Медиафорум болашақ медиа мамандарының тәжірибе алмасу алаңына айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шараны Торайғыров университеті журналистика мамандығының жоғары курс студенттері «Медиаменеджмент» пәні аясында ұйымдастырды. 

Жиын барысында қазіргі отандық медиакеңістіктегі өзекті мәселелер талқыланды. Форумға қатысқан сарапшылар мен студенттер журналистиканың қоғамдағы рөлі, ақпаратты жинау, өңдеу және тарату үдерістері, сондай-ақ заманауи медиа мамандарына қойылатын кәсіби талаптар жөнінде пікір алмасты.

Форум жұмысына павлодарлық кәсіби журналистер мен медиа саласының мамандары қатысты. Сарапшылардың пікірінше, бұл болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға мүмкіндік берді.

«Филология және журналистика» кафедрасының аға оқытушысы Бибігүл Келдібекованың айтуынша, шараның өтуіне студенттердің өздері мұрындық болған.

– Шараны өткізу идеясы оқу жылының басында пайда болды. Біз студенттер үшін оқу процесінде жаңа форматтағы сабақ үлгісін енгізуді мақсат еттік. Нәтижесінде медиафорум төртінші курс студенттері оқу бағдарламасындағы «Медиаменеджмент» пәнінің қорытынды бағалау форматы ретінде ұйымдастырылды. Форумды дайындау мен өткізу жұмыстарын студенттердің өздері атқарса, оқытушылар тарапынан кәсіби мамандарды шақыру және ұйымдастыру мәселелерінде қолдау көрсетілді, – дейді ол.

Форум студенттердің теориялық білімін тәжірибелік қызметпен ұштастыруға, сондай-ақ болашақ журналистердің кәсіби дағдыларын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.

Аяужан Жетес.