Павлодарлық скрипкашылар Біріккен Араб Әмірлігін өнерімен тәнті етті
Жерлестеріміз ауқымды додада үздіктер қатарынан көріне білді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жуырда Біріккен Араб Әмірліктерінде бір ай бойы Таяу Шығыс классикалық музыка академиясының МЕСМА атты ауқымды білім беру жобасы ұйымдастырылған. Дубайда өткен байқауға Павлодардан білім берудің құрметті қызметкері және «Павлодар облысының білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері Я.О.Касьянның басшылығымен скрипкашылар қатысты.
- Жоба аясында музыкалық колледждің студенттері симфониялық оркестрдің бірнеше құрамында әлемдік классикалық музыка туындыларын ойнады. Zabeel Saray-Дубай театрында өткен концерттерде өнер көрсетті. Еуразиялық скрипкашылар ансамблінің құрамында Дубай-операдағы концертке іріктелгендердің қатарында бола білді, - делінген хабарламада.
Академия мүшелері Оксфорд және Лейпциг симфониялық оркестрлерінің сүйемелдеуімен классикалық музыканың әлемдік жұлдыздарын жанды дауыста тыңдауға мүмкіндік алған. Әсіресе, 21 ғасырдың керемет композиторы Алексей Шордың шығармашылығымен танысты.
Ауқымды додада павлодарлық қос скрипкашы 1 дәрежелі лауреаттар Анель Данияр мен Дильназ Жанкүшікова 1-орынды иеленсе, Дана Ибраева 3-орынға тұрақтаған.
- «Capriccio» ансамблі Парсы шығанағының жағасында орналасқан БАӘ-нің ірі қаласының тұрғындары мен қазылар алқасының жүректерін жаулап, 1-орынға ие болды. Осылайша шығармашылық ұжым Ертіс өңіріндегі скрипкашылар мектебінің дайындығы мен кәсібилігінің жоғары деңгейін дәлелдеді, - дейді басқармадағылар.
Айта кетелік, жеңімпаздардың концертмейстері Қарлығаш Исина.
Фото: Білім басқармасынан