Павлодарда су тасқынына дайындық күшейтілді: 153 шақырым бөгет нығайтылды

Павлодарда су тасқынына дайындық күшейтілді: 153 шақырым бөгет нығайтылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шаһарда көктемгі су тасқыны қаупіне дайындық жоспарлы режимде жалғасып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қауіпті кезеңнің алдын алу мақсатында қала аумағында кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Дайындық барысын бақылау үшін қалалық мәслихат депутаттары төтенше жағдайлар басқармасы мен жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен бірге ауылдық аймақтарға мониторинг жүргізді. Сапар барысында елді мекендердегі гидротехникалық құрылыстар мен су бұру арналарының жай-күйі тексерілді. Сонымен қатар жауапты қызметтермен су тасқыны жағдайындағы іс-қимыл алгоритмдері пысықталды.

Бүгінгі таңда өңірде 153 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып, нығайтылды. Бұдан бөлек, 36 су өткізу нысаны орнатылып, жөндеуден өтті. Жұмыстар кезең-кезеңімен және жүйелі түрде атқарылып жатыр.

Мамандар гидрологиялық жағдайды күнделікті бақылауда ұстап отыр. Қар қоры, топырақтың тоң қабаты, өзендердегі су деңгейі тұрақты қадағаланады. Негізгі мақсат – ықтимал тәуекелдерді барынша азайтып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Қала билігінің мәліметінше, барлық жауапты қызметтер күшейтілген дайындық режимде жұмыс істейді. Арнайы техника мен инертті материалдар қоры әзірленген, қажет болған жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік бар.

Басты міндет – көктемгі кезеңді төтенше жағдайсыз өткізіп, елді мекендердегі тұрақты ахуалды сақтау. Павлодарда су тасқынына қарсы шаралар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады.