Павлодарда сәуір айының соңында ауа температурасы 30 градусқа дейін көтеріледі

Павлодарда сәуір айының соңында ауа температурасы 30 градусқа дейін көтеріледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мұндай ыстық ауа райы 15 жылдан кейін қайталанып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Қазгидромет» РМК Павлодар филиалының мәлімдеуінше, сәуір айында ауа температурасы біртіндеп көтеріліп, айдың соңына қарай +33 градусқа дейін жетуі мүмкін.

Термометр бағаны алғашқы онкүндікте күндіз +10... +15 градус аралығында болады. Түнде -3... -8 градус суық болады деп болжануда. Екінші онкүндікте күн шуағы айтарлықтай сезіле бастайды. Температура күндіз +20... +25-ке дейін, түнде +4... +9 градусқа дейін көтеріледі.

– Айдың соңына таман мейлінше ыстық ауа райы күтіліп отыр. Күндіз температура +30 градусқа дейін көтерілсе, түнгі уақытта +10 градусқа дейін жылы болады. Жауын-шашын туралы айтар болсақ, айдың алғашқы жартысында түннің салқындығына байланысты жаңбыр аралас қар жаууы мүмкін. Ал айдың соңында жоғары температураның әсерінен күн күркіреуі ықтимал, - деді метеоболжамдар бөлімінің басшысы Ирина Анохина.

Мамандардың айтуынша, Павлодар облысында мұндай ауа райы соңғы рет 2010 жылдың сәуірінде байқалған. Ал осы мезгілдегі ең жоғары температура 1972 жылы тіркелген – ол кезде термометр бағандары +34 градусқа дейін көтерілген. Ал -27 градус аяз 1969 жылдың сәуірінде болған.