Павлодарда түнгі рейд кезінде жасөспірімдер ойын-сауық орындарынан анықталды
Заң талаптарын бұзған ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүруінің алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Мұндай жағдайлар балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, ата-аналар мен ойын-сауық орындарының иелеріне заң аясында шара қолдануға негіз болады.
Кезекті профилактикалық іс-шара барысында Павлодар қаласындағы компьютерлік клубтардың бірінен түнгі уақытта жүрген жасөспірім табылды. Сонымен қатар, тағы бір кәмелетке толмаған тұрғын заңды өкілінің қатысуынсыз қалалық ойын-сауық орындарының бірінде болған.
– Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз ойын-сауық орындарында немесе тұрғын үйден тыс жерде жүруіне мүмкіндік берген ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, жасөспірімнің түнгі уақытта ойын-сауық мекемесінде болуына жол берген нысан әкімшісіне қатысты да тиісті материалдар рәсімделді, – деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.
Жыл басынан бері облыс аумағында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің бақылауынсыз тұрғын үйден тыс жерде жүруіне байланысты 1675 ата-ана жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ балаларды тәрбиелеу, оқыту және олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін 848 заңды өкілге қатысты шара қабылданды.
Павлодар облысының полиция департаменті ата-аналарды балаларының жүрген жері мен араласатын ортасына назар аударуға шақырады. Бұған қоса жасөспірімдердің түнгі уақытта ересектердің бақылауынсыз көшеде немесе ойын-сауық орындарында болуына жол бермеуді ескертеді.