Павлодарда Тәуелсіздікпен құрдас полицей қызмет етеді
Павлодарда қызмет ететін полиция инспекторы Мадияр Дәуітбеков 16 желтоқсанда — Қазақстан Тәуелсіздігі күні дүниеге келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Полиция инспекторы Мадияр Дәуітбеков Павлодар қаласына 2018 жылы Шымкенттен көшіп келген. Қызметке шақырту алған сәттен бастап, солтүстік өңір оның өміріндегі жаңа әрі маңызды кезеңге айналды. Ол Павлодарды бірден өз қаласындай қабылдап, ел болашағына сеніммен қарайды.
— Павлодар маған бірден ұнады. Қаланың өз ырғағы бар, тыныш, жинақы. Адамдары ашық, жұмысқа қолайлы, — дейді ол.
Бүгінде Мадияр полиция батальонында жүргізуші болып қызмет етеді. Ол жеке құрамды тасымалдап, күнделікті тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлесін қосып жүр.
— Қызмет — тұрақты, жүйелі. Ең бастысы — өзіңе сенім артылғанын сезесің, — дейді инспектор.
Туған күні Қазақстанның басты мемлекеттік мерекесімен тұспа-тұс келсе де, ол бұл жайды асыра көрсетпейді.
— Туған күн аса білінбейді. Бәрі қарапайым. Басшылық жағынан түсіністік бар, жағдай жасалған, — дейді ол.
Өзін Тәуелсіз Қазақстанмен бірге ер жеткен буынның өкілі санайтын Мадияр Дәуітбеков елдегі оң өзгерістерді күнделікті өмірден байқайды.
— 2018 жылдан бері Павлодар да өзгеріп келеді. Қазақы орта күшейіп, тілге, дәстүрге деген құрмет артып жатыр. Бұл қуантады, — дейді ол.
Қызметтен тыс уақытта ол — мейірімді әке, отбасының тірегі. Үш ұлдың әкесі. Жұбайы медицина саласында медбике болып еңбек етеді. Балалары өсіп келеді, бірі мектепте, екіншісі балабақшада.
— Біздің бар мақсатымыз — балалардың болашағы. Бос уақытта олармен серуендеп, қалада қыдырамыз. Павлодарда отбасымен өмір сүруге барлық жағдай бар. Бұл қалада тәртіп бар, еңбек бар, келешек бар, — дейді ол.
Ата-анасы мен бауырлары Шымкентте тұрса да, Павлодарға жиі келіп тұрады. Солтүстік өңір туралы пікірлері де оң. Тәуелсіздік күні туған Мадияр Дәуітбеков Павлодарға және туған еліне тек бір ғана тілек айтады.
— Қаламыз көркейе берсін, еліміз тыныш болсын. Әділетті, бір-біріне сенетін Қазақстанды бірге құрайық, — дейді ол.