Павлодарда төрт мектеп салынады
Мектепті үш жыл ішінде «Достық», «Усолка», «Шығыс» және «Жастар» шағын аудандарында салу жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы Асайын Байханов «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетовпен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының өңірлік бөлігінің жүзеге асырылуын талқылады.
Мектеп құрылыстарының бірыңғай тапсырыс берушісі ретінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ белгіленді.
– Үш жыл ішінде облыс орталығындағы «Достық», «Усолка», «Шығыс» және «Жастар» шағын аудандарында әрқайсысы 1200 орындық төрт жаңа мектеп салынады. Тағы үш мектепке - № 4, 22, 27 1200 орынға арналған жаңа корпустар салынады, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімінің сөзінше, жаңа мектептердің салынуы облыс орталығындағы 7000 оқушыға оқу орнының тапшылығын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, «Достық» шағын ауданындағы алғашқы мектептің құрылысы биыл басталады.