Павлодарда такси жүргізушісі зейнеткердің алты миллион теңгесін сақтап қалды

Павлодарда такси жүргізушісі зейнеткердің алты миллион теңгесін сақтап қалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жүргізуші Алматыға жеткізуге берілген сөмкеден қомақты ақша тауып, полицияға хабарласқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға қаладағы көлік жуу орындарының бірінде басталған. Такси жүргізушісіне Алматыға сөмке жеткізу тапсырылған. Жолға шығар алдында ер адам сөмкеден жарма төгіліп жатқанын байқап, ішін тексерген. Оның арасынан қомақты ақша табылған.

Жүргізуші күдіктеніп, бірден полицияға жүгінді. Тәртіп сақшылары ақшаның иесін анықтады. Павлодар тұрғыны телефон алаяқтарының арбауына түскен болып шықты.

Алдымен әйелге өзін энергиямен жабдықтаушы ұйымның қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамдар хабарласқан. Электр есептегішті ауыстыру сылтауымен олар SMS арқылы келген кодты айтқызған. Кейін алаяқтар өздерін «электрондық үкімет» қызметкерлері ретінде таныстырып, әйелдің атына несие рәсімделгенін айтқан. Оны «жабу» үшін 5 миллион 970 мың теңге қолма-қол ақша беру қажеттігіне сендірген.

Ақшаны алып кетуге курьер келген. Ол қаражат салынған пакетті такси жүргізушісіне берген.

– Такси жүргізушісінің қырағылығы мен Солтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралардың арқасында ақша толық көлемде заңды иесіне қайтарылды, – деп хабарлады полиция департаментінен.

Зейнеткер жедел уәкілдер Жеңіс Еркін мен Ернұр Жақсылықовқа және күдікті сәлемдеме туралы полицияға дер кезінде хабарлаған такси жүргізушісіне алғыс білдірді.

Полиция тұрғындарға өзін банк, мемлекеттік орган немесе басқа ұйымның қызметкері ретінде таныстырған бейтаныс адамдарға SMS-кодтар мен құпия деректерді бермеуді ескертеді. Күдікті қоңырау түскен жағдайда әңгімені тоқтатып, ұйымның ресми нөміріне немесе 102-ге хабарласқан жөн.