Қаланың кішкентай көшірмесі: Павлодарда автодром жаңарады

Жұмыстар шілдеде аяқталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Құрылыс көлемі 9,3 гектарды құрайтын автодромға облыс әкімі Асайын Байханов барып, күрделі жөндеу жұмыстарын тексерді. Аймақ басшысы жылдан жылға ауысып кете беретін жобаның биыл қолға алынғанына ризалығын танытты.
– Бұрыннан негізі сұранысқа ие болып жүрген жалпы бір жоба еді, бірақ оған қаражат жеткілікті болмады. Оны келесі жылы деп қозғап отырдық, бірақ жол инфрақұрылымында ақырғы кезде жол апаттары көбейді. Әр жол апатының артында қанша зардап шеккен адам, мүлік бар. Сондықтан біз облыстық бюджеттен жобаға қаражатты бөлдік, – деді облыс әкімі.
Асайын Байхановтың сөзінше, қала өсіп жатқандықтан, болашақта жүргізушілердің қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мамандандырылған автодром жасалуда.
– Бұл жерді толықтай қалалық инфрақұрылымның кішкентай көшірмесі деп айтуға болады. Бүкіл қиылыс, бағдаршам, жол белгілері салынады. Автодром жаңадан көлік жүргіземін деген тұрғындарға кәсіби оқыту ұйымдастыру мақсатында жасалып жатыр. Сондықтан автодромда қаладағы автомектептер өзінің оқушыларын жаттығады, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Кәсіби оқу орындарынан білім алып, тәжірибесін шыңдау үшін арналған жерде жол жүру ережелерін нақты үйренуге болады. «Namys Stroy» мердігерлік ұйымның құрылтайшысы Ерсұлтан Мүбараковтың айтуынша, асфальт-бетон жолдар көлемі 23 182 шаршы метрді құрайды.
– Автодромда төрт бағдаршам, 106 электр желісінің тірегі және 160 шам орнатылады. Төрт камерамен жабдықталған күзетшілерге арналған бақылау өткізу пункті де болады. Аумақ 1333 метр забормен қоршалады. Қазіргі таңда жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Жолды дайындап қойдық, енді құм, инертті материалдарды кіргізіп жатырмыз. Жұмыстарды шілденің ортасына қарай аяқтаймыз. Техника да, адам да жеткілікті, – Ерсұлтан Мүбараков.
Асайын Байхановтың сөзінше, жарықтандыруды жүргізушілер түнде де жүріп үйрену мақсатында жүзеге асыруда.
– Міндетіміз – жүргізушілер қалада көлікпен кәсіби жүруді, бағдарлауды үйренуі. Бізде бізде өте күрделі қиылыстар бар, әсіресе Назарбаев даңғылында, Мәшһүр Жүсіп бойындағы көше. Автодромның мақсаты –жарақаттануды, жол-көлік оқиғаларының санын азайту және көлік жүргізе бастаған адамдардың практикалық дағдыларын жақсарту, – деді Асайын Байханов.
Қала әкімі Хасар Хабылбековтың сөзінше, автодром сенімгерлік басқаруға беріледі. Бірақ басқа мектептерде өздерінің оқушыларын жаттығу рұқсаты болады. Сондай-ақ, қала тұрғындары, өз қалауымен және қаражаты есебінен жаттыға алады.
Еске сала кетейік, облыс орталығында Лермонтов көшесіне ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде.