Павлодарда терроризмге қарсы оқу-жаттығу өткізілуде
Іс-шараның мақсаты құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың шұғыл ден қоюын пысықтау, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы жылдың 30 қазанында Павлодар облысының терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабымен «Павлодар – терроризмге қарсы-2023» терроризмге қарсы оқу-жаттығу өткізілуде.
– Іс-шараның мақсаты құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың шұғыл ден қою және терроризмнің шартты актісінің жолын кесу жөніндегі күштері мен құралдарының практикалық дағдыларын пысықтау болып табылады, – деді жедел штабта.
Өткізілетін іс-шараларға байланысты «Павлодар» станциясында (Сұрағанов көшесі,14), Павлодар машина жасау колледжінде (Олжабай батыр көшесі,43) және «AlcazarLtd» ЖШС-де (Солтүстік өнеркәсіптік аймақ) аумағы ауданында қозғалысты шектеу шаралары көзделген.
Облыс орталығының қонақтары мен тұрғындарынан уақытша шектеулерге түсіністікпен қарауды, қауіпсіздік шараларын сақтауды, мемлекеттік органдардың жұмылдырылған қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауды, тек ресми ақпарат көздеріне сенуді және жалған мәліметтердің таралуына жол бермеуді сұрайды.