Павлодарда Торайғыровтың орыс тіліне аударылған таңдамалы жинағы жарық көрді
Кітапта ақынның қырықтан астам өлеңі, екі поэмасы бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Денсаулық саябағында С.Торайғыровтың 130 жылдық мерейтойын тойлау аясында «С.Торайғыровтың орыс тіліне аударылған таңдамалы шығармалар жинағының» тұсаукесері өтті. Аталмыш туынды 1000 дана болып Павлодар қалалық әкімдігінің қолдауымен жарық көрді. Шараға өңірімізге белгілі ақын-жазушылар, шаһар тұрғындары қатысты.
-Ақынның шығармалары 1958,1971, 1979, 1989 жылдары орыс тілінде басылып шыққан. Ол кезде «Жазушы» баспасының тапсырысы бойынша Ресейден Совет Одағының белгілі аудармашылары ағартушының шығармаларын орыс тіліне аударған еді. Осы 34 жыл аралығында Торайғыровтың шығармалары орыс тілінде басылып шықпаған. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында қалалық әкімдіктің қаржылық қолдауымен, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту бөлімінің үйлестіруімен бұл кітап 1971 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген Сұлтанмахмұттың «Избранное» атауымен шыққан кітабы негізінде қайта басылып шықты. Павлодар облысындағы Сытин атындағы «Эко» баспасынан жарық көрді. Кітаптың ерекшелігі қосымша ретінде жергілікті ақын-жазушылардың, орыс тілінде шығарма жазатын ақындардың Торайғыровтан аударған туындылары енді. Ол аудармашылардың ішінде ақынның бірқатар өлеңдерін аударған өңірімізге белгілі ақын Константин Лунин де бар, - деді орталықтандырылған қалалық кітапханалар жүйесінің маманы, ақын Айбек Оралхан.
Спикердің айтуынша, жинаққа «Қамар сұлу»,«Кім жазықты» романдары, «Кедей» поэмасы және қырықтан аса өлеңдері басылған. Кітаптың құрастырушысы қалалық мәдениет, тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыман, ал техникалық редакторы Ілияс Серімұлы болды. Туынды сатылымда болмайды. Кітапты іздегендер облыс кітапханаларынан таба алады.
Сонымен қатар, С. Торайғыровтың 130 жылдығына арналған шаралар облыс бойынша 28-29 шілдеде Баянауыл ауданы, Торайғыр ауылында өтеді деп жоспарланған. Бүгінгі тұсаукесер шарасы дүбірлі тойдың бастауы болды. Сол кезде республикалық жастар мен оқушылардың арасында "Сұлтанмахмұт оқулары" Баянауыл ауданының мәдениет үйінде өтпек. Торайғыр ауылының маңында киіз үй тігіліп, облыстың аудандық мәдениет үйлерінің өнерпаздары өнерлерін көрсетіп, арты концерттік бағдарламаға ұласпақ.
Айта кетерлігі, сол уақытта ақынның 1933 жылы жарық көрген алғашқы жинағының түпнұсқасының таныстырылымы болады. Сондай-ақ, «Торайғыров жастар көзімен» деген жас Торайғыров танышулардың конференциясы, зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары, мәдениет және өнер майталмандарының құрылтайы болады деп күтілуде.
Фото: Аяулым Толегенова