Павлодарда оқушылар әкіммен бірге шыршаны петроглифтермен безендірді
Сондай-ақ балалар Жезтырнақпен достасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық шырша мерекесі «Ертіс» мейрамханасының банкет залында өтті. Мереке ертегі сюжеті бойынша ұйымдастырылды: балалар жын-перілермен бетпе-бет келіп, жаңа жылда достық қарым-қатынасты сақтап қалуға тырысты. Зұлым күш өзін мерекемен құттықтамағанына ашуланып, мейрамның шырқын бұзғысы келді.
– Балаларға мерекеге Аяз Ата, Ақшақар, Ертіс-Баян, Ғалым-бот, Олаф, Айдахар, жылан және Жезтырнақ келді. Қонақтардың алдында «Blaze» би студиясы, «Жана Стар», «Тұмар» вокалдық студиясы және «Шабыт» би ансамблінің жас әртістері өнер көрсетті, – деді балалар құқығын қорғау және инклюзивті білім беру бөлімінің бас маманы Самал Әлімова.
Балалар Жезтырнақтың мерекелік көңіл-күйді бұзбауы үшін ән айтып, би билеп, Жаңа жылды сақтап қалды. Бұл әрекеттері үшін оларға сыйлықтар берілді.
Шыршаға жүз бала келді. Оларға 130 мың теңгеге сертификаттар, ашық хаттар, тәттілер, жұмсақ ойыншықтар табыс етілді.
– Сіздерге өз күштеріңізге сеніп, армандарыңызға жетуді тілеймін. Әрқайсыңыз таланттысыз және оны ашуға көмектесу – біздің міндетіміз. Сабақты жақсы оқып, жақындарыңызды қуанта беріңіздер. Жаңа жыл үлкен жеңістердің бастауы болсын, – деп облыс әкімі Асайын Байханов балаларды құттықтады.
Мереке соңында аймақ басшысы балалармен бірге шыршаны петроглифтермен безендірді.
– Маған мереке ұнайды, мұнда барлығымен дос болдым. Келесі жылы тағы да осында келемін деп үміттенемін. Үлкен зал, сыпайы және мейірімді адамдар ұнады. Жаңа жыл құтты болсын! – деп қонаққа келген Ариана Кучкар мерекемен құттықтады.
Мерекеден кейін балалар тәтті дастарханнан дәм татты.