Павлодар облысында туу көрсеткіші төмендеді
Өңірде үш айда 2250 бала дүниеге келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Статистика департаментінің мәліметінше, Павлодар облысында 753,5 мың адам тұрады. Олардың жартысынан көбі – әйелдер. Фертильді жастағы павлодарлықтардың саны 172 мыңнан асады.
Денсаулық сақтау басқармасының мамандары аймақта туу көрсеткішінің төмендегенін байқады. 2022 жылы босанған әйелдер бір жыл бұрынғыға қарағанда 778-ге аз болды. 2023 жылы – 2022 жылмен салыстырғанда 961-ге аз. Осы жылдың үш айында аймақта 2250 бала дүниеге келді, оның 25-інің салмағы бір жарым келіден аз.
– Әйелдің репродуктивті денсаулығы өте нәзік, оны туғаннан бастап сақтау керек. Қазіргі әлемде дені сау бала туу қиындай түсуде, – деді денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Бұратаева.
Оның айтуынша, қыздар мен жасөспірімдердің денсаулығы ДДҰ-ның «Әр әйел, әр бала» бастамасын жүзеге асыру аясында дәрігерлердің назарында. Бала кезінен бастап жеке гигиенаны сақтауға үйрету, мықты иммунитетті қалыптастыру үшін спортқа деген сүйіспеншілікті ояту маңызды.
– Тұрмысқа шыққанға дейін қыздардың денсаулығын жақсарту, жүктілікті жоспарлау, қауіпсіз жүктілікті қамтамасыз ету балаларға қолайлы жағдайда өмірдің басталуына кепілдік береді, – дейді дәрігер. – Сондықтан жұқпалы аурулардан аулақ болу керек, олар қауіпті асқынулар тудыруы мүмкін.
Мысалы, паротит бедеулікке, жүктілік кезіндегі қызылшамен ауыру ұрықтың ауыр зақымдалуына әкелуі мүмкін. Вакцинацияны елемеуге болмайды және оны уақытында салғызу керек.
– Көбінесе жүкті болу проблемалары жыныстық жолмен берілетін инфекцияларға байланысты болады. Нәтижесінде ұрықтың деформациясы және ауыр ақаулар болуы мүмкін. Кейбір жағдайларда мұндай инфекциялар айқын белгілермен жүреді, бірақ кейде симптомдар болмауы мүмкін, – деп толықтырды ведомство басшысының орынбасары.
Ол кез келген ауру репродуктивті денсаулықты бұзуға әсер ететінін айтады.
– Жаман әдеттер де теріс рөл атқарады. Олар ұрықтың ішілік дамуының кешеуілдеуіне, оның психикалық дамуының бұзылуына әкеледі, – деді спикер.
Гүлнәр Бұратаева павлодарлық жасөспірімдер мен жастар емханалар жанындағы денсаулық орталықтарынан тегін білікті медициналық, психологиялық, әлеуметтік, заң көмегін ала алатынын еске салды.