Павлодарда тұрғын үйдің кіреберісіне түкірген азамат жазаланды
Оның үстінен көршілері шағымданған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, учаскелік полицейге Кривенко көшесі, 85-үйдің тұрғындары хабарласып, үйдің кіреберісіне түкіріп, ортақ пайдалану орнын ластаған көршісі жайлы мәлімдеген.
- Арызда ер адамның көршісінің түкіретін қылықтарына бірнеше рет куә болғаны айтылған. Тіпті, басқа көршілер оның артынан тазалап, түкірген есіктерді, қабырғалар мен едендерді жуып жүрген. Одан бірнеше рет көршілеріне және өзіне құрметпен қарауды өтінген. Алайда ол әдетін қоймаған. Сондықтан тұрғындар мәселені түбегейлі шешу үшін құзырлы орынға арыз жазды. Нәтижесінде павлодарлық тұрғын жазаланды, - делінген хабарламада.
Осыған ұқсас оқиға Лермонтов көшесі, 85-үйде де орын алған. Онда тұрғындар кіреберісте шекілдеуік шағып, қабығын жерге шашып отырған көршісіне шағымданған.
Жергілікті жерге келген полиция қызметкерлері жалпыға ортақ пайдаланылатын жерді ластағаны үшін шекілдеуік шағуды ұнататындарға қатысты ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды.
Тәртіп сақшылары егер адам кіреберісте қоқыс тастаса, бұл әкімшілік құқық бұзушылық болып табылатынын еске салады. Мұндай кезде дәлел ретінде бейнеге немесе фотосуретке ұсақ бұзақылық фактісін түсіру артық болмайды.