18 ғасырдағы сауыт: Павлодарға Ақмола музейі келді
«Ертіс музейінде» Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі көрме ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Атбасар – атамекенім» атты шарада Ақмола облысындағы экспедициялар кезінде жиналған музей қорларынан археологиялық артефактар қойылды. Оның ішінде көрнекті мемлекет қайраткері, қолбасшы, дипломат Абылай хан және оның серіктері туралы материалдар ерекше орын алады.
– Көрмеге дәстүрлі музыкалық аспаптар коллекциялары, сирек кітаптар, ұлттық ағаштан және теріден жасалған бұйымдар, XIX ғасырдың соңы – XX ғасырдың басындағы қазақтың ұлттық киімдері, күміс зергерлік бұйымдар қойылды. 18 ғасырдағы табылған сауытты алып келдік. Потанин атындағы музеймен ынтымақтастық құрып, осындай шараларды ұйымдастырып отырамыз, – дейді Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Құдайберлі Мырзабек.
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайы 1923 жылы 1 мамырда құрылған. Мұражай 1927 жылы өзінің алғашқы экспедициясын ұйымдастырып, өлкенің табиғаты, тарихы жөнінде құнды мәліметтер жинады. 1998 жылы ҚР-ның орталығының Астана қаласына көшірілуіне байланысты мұражайда тарихи-этнографиялық жаңа экспозиция ашылды. Экспозицияда қазақтың дәстүрлі қолөнері, соның ішінде зергерлік бұйымдар, күмістен әшекейленген ер-тұрмандар, әйелдер мен ерлер киімінің көне үлгілері, республикадағы басқа да ұлттардың этнографиялық бұйымдары көрсетілген.
Айта кету керек, XX ғасырдың көрнекті өкілі, Ақмола облысының тумасы жазушы, қоғам қайраткері Ілияс Есенберлиннің жеке заттары, өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар – фотосуреттер, қолжазбалар, хаттар, кітаптар, картиналар қойылған. Сондай-ақ суретші-керамист, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Ю.Г.Поповтың жұмысын тамашалауға болады.