Павлодарда тұңғыш мобильді автоматтандырылған астық кептіргіш құрылғы жасалды

Павлодарда тұңғыш мобильді автоматтандырылған астық кептіргіш құрылғы жасалды
Фото: автор

Ол тәулігіне 40-60 тонна астықты кептіруге қауқарлы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

 Павлодарлық «Мир Станков» компаниясы Қазақстанда баламасы жоқ алғашқы мобильді астық кептіргішін жасап шығарды. Құрылғы газбен жұмыс істейді, бірақ қажет болған жағдайда дизельдік отынға да ауыстыруға болады. Толық автоматтандырылған жүйеде ылғалдылық, температура, газ қысымы мен шикізат деңгейін өлшейтін датчиктер орнатылған. Әр түрлі астық түріне арнайы бағдарлама арқылы баптауға болады.

 Құрылғыны жасау идеясы екі жыл бұрын басталып, оны құрастыруға үш-төрт ай кеткен. Автоматика, бағдарламалау, құрастыру жұмыстары түгел Павлодар қаласында іске асырылған. Ал қажетті бөлшектер Ресей мен Қытайдан жеткізілген.

 –  Бұл – итальян және ресейлік модельдердің баламасы. Бірақ біз өз жақта сұранысқа ие болатындай етіп, жақсартулар енгізіп, қазақстандық нарыққа бейімдедік. Қазір бұл құрылғы – еліміздегі алғашқы әрі жалғыз үлгі, – дейді жоба авторы Мәдениет Узак.

 Қазіргі таңда құрылғыны сату бойынша алғашқы келісімшарттар жасалып жатыр. «Мир Станков» компаниясы болашақта қуаты жоғары, 20 және 40 кубтық нұсқаларын да шығару жоспарлап отыр. Жаңа үлгілерде GPS және GSM модульдері арқылы қашықтан басқару және мониторинг жасау мүмкіндігі болады. Компания бұл құрылғыны ауыл шаруашылығы өндірушілеріне субсидиялау бағдарламасы арқылы қолжетімді ету үшін тиісті сертификаттар рәсімдеп жатыр.